Тәжікстанның солтүстігіндегі Канибадам қаласында 42 жастағы ерлі-зайыптылардың өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр.
Ерлі-зайыптылар қызының тойына бір ай қалғанда суицид жасаған. Оған 19 жастағы бойжеткеннің пәк болмай шығуы себеп болған. Қыздың өзі де суға секіріп кетпек болады, бірақ оны сол жерде жүрген адамдар құтқарып қалған.
Akhbor.com сайтының хабарлауынша, Пулодон селолық кеңесінің тұрғыны Муроджон Ганиев шілденің 13-інен 14-іне қараған түні өз үйінде асылып қалған. 14 шілде таңетең әйелі Шоирахон Ганиева мен 19 жастағы қызы таксимен Ферғана арығына батып өлу үшін барады. Осы маңдағы такси жүргізушілері бойжеткенді ғана құтқарып үлгерген. Ерлі-зайыптылар 42 жаста болған.
Прокуратура күйеуі мен әйелінің өз-өзін өлтіру фактісі бойынша тергеуді бастады. Оларды мұндай қадамға не итермелегені әлі белгісіз, дейді тергеушілер. Оқиғаның жалғыз куәгері – такси жүргізушілері құтқарып қалған қыздың жағдайы нашар, ол сұрақтарға жөнді жауап бере алмай отыр.
Пулодон селолық кеңесі қызметкерлерінің бірі ерлі-зайыптылардың 16 шілдеде жерленгенін хабарлады.
"Олардың неге өз-өзіне қол жұмсағанын білмеймін. Білуімше, Муроджон және Шоирахон 13 тамызда өтуі тиіс қызының тойына дайындалып жатқан. Күйеу бала Ресейде жұмыс істеп жүр", — деді ол.
Канибадамдағы журналистердің бірі Фейсбуктегі парақшасында ерлі-зайыптылардың неге суицидке барғанын жазыпты. Айтуынша, медициналық тексеріс кезінде қызының пәктігі табылмаған.
Тәжікстанда некелесетін жастар медициналық тексерістен өтіп, ЗАГС-ке денсаулығы жайында медициналық анықтама тапсыруы тиіс. ВИЧ, гепатит және басқа да ауруға шалдыққандарға отбасы құруға тыйым салынуы мүмкін.
Өткен жылы Тәжікстан тұрғындарын 18 жастағы Раджабби Хуршедтің өлімі есеңгіретіп тастаған еді. Ол 24 жастағы күйеуімен той болған күні танысқан. Алғашқы неке түнінде-ақ қыздың пәктігіне қатысты дау туындайды. Қалыңдығының тазалығына күмәнданған жігіт оны астанаға екі рет сараптамаға апарған. Екінші сараптама да қыздың тойға дейін пәк болғанын көрсеткен, бірақ күйеуі сенбейді. Тойдан кейін қырық күн өткенде қыз уксус ішіп өледі. Дәрігерлер көмек көрсетуге дәрменсіз болды — Раджаббидің бүйрегі істемей қалған.
Бұл оқиғадан кейін әйелдің жұбайы оны өз-өзін өлтіруге жеткізгені үшін 7 жылға сотталып кетті.
Дәстүрлі тәжік қоғамында бойжеткен тұрмыс құрғанша дейін пәк болуы керек деп есептеледі, егер ол алғашқы түні таза болмай шықса, қызды масқара етіп үйден қуып шығады. Мұндай қыздарды ата-анасы да қабылдамайды, сөйтіп қыздар өмір бойына абыройынан айырылады.