11 қар, 2020 сағат 20:54

Озық қолжетімді технологияға көшкен кәсіпорындар эмиссия төлеуден босатылады

Ең озық қолжетімді технологиялар (ЕҚТ) қағидаттарына көшкен кәсіпорындар эмиссия төлемінен толық босатылады.

Бұл туралы «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ ЕҚТ бюросының бас сарапшысы Серік Нұркенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Жасыл экономика және ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарына көшу мәселелері жөніндегі халықаралық конференция барысында ЕҚТ қағидаттарына көшу процесі сөзсіз болады. Бұл өте маңызды аспект және маңызды реформалардың бірі. Жаңа Экологиялық кодексте жасыл технология ластаушы заттарды азайтуға бағытталған экологиялық таза тиімді технология ретінде белгіленген. Өнеркәсіптің ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарына көшуі Кодекс тармақтарының бірі болып саналады», - деді С. Нұркенов. 

Қазіргі уақытта ЕҚТ бюросы кәсіпорындардың қазіргі жай-күйін бағалау жұмыстарын жүргізуде.

«Бізге кәсіпорындардың технологиялық жағдайы қай кезеңде екенін, олардың ЕҚТ қағидаттарына көшуге дайындық деңгейін білу маңызды. Бұл жұмыс үшін халықаралық танымал сарапшыларды шақырдық. Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша салалық есеп әзірленеді, ол ЕҚТ қағидаттарына көшу жөніндегі анықтамалық әзірлеуге негіз болады. ЕҚТ бюросы келесі 2021 жылға арналған анықтамалық әзірлеуге кіріседі, оны 2023 жылы аяқтайды. 2024 жылы кәсіпорындар кешенді экологиялық рұқсат алу үшін өз құжаттарын дайындай алады. 2025 жылдан бастап бірінші санаттағы нысандар кешенді экологиялық рұқсат алуы тиіс. ЕҚТ қағидаттарына көшкен кәсіпорындар эмиссия төлемінен толық босатылады», - деп түсіндірді Серік Нұркенов.

Бұл қаражатты кәсіпорындар өз өндірістерін, жабдықтарын жаңғыртуға және жақсартуға жұмсай алады. 

Спикердің айтуынша, бұл жазалау механизмі емес, керісінше, кәсіпорынның тиімділік бағдарламасын жақсартудың ынталандыратын әдісі. Яғни, ЕҚТ-ға көшу – экономика мен табиғат арасындағы теңгерім. Кәсіпорындар өз тәжірибелерін жақсарта отырып, қоршаған ортаға антропогенді әсерді едәуір төмендетеді, бұл ең жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

«Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда бірінші санатқа кіретін 2,5 мыңға жуық кәсіпорын бар. Бұл негізінен мұнай өңдеу, мұнай өндіру саласы, жылу және электр энергиясын өндіру, тау-кен металлургия саласы, қара және түсті металлургия. Экологиялық реттеу комитеті 97 кәсіпорынның тізімін бекітті, олардың 50-і міндетті көшпелі тексеруге жататын ірі, бірінші санаттағы нысандарға жатады. Олардың үлесіне ластанудың 80%-ы тиесілі. Қалған 47 кәсіпорын камералық жолмен тексерілетін болады», - дейді спикер.

Егер кәсіпорындар ЕҚТ қағидаттарына көшпесе, мемлекет олардың бағдарламаларын жақсарту бойынша шара қабылдайды.

С. Нұркеновтың айтуынша, ЕҚТ бюросы келесі жылдан бастап Атырау, Теміртау, Өскемен, Павлодар сияқты ірі қалаларда халықаралық сарапшылардың қатысуымен көшпелі зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.