09 жел, 2024 сағат 11:36

"Өзін-өзі атты дегенді алып тастау керек"- Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтың қазасына байланысты пікір білдірді


Фото:instagram.com/zhunusova.makpal
Белгілі әнші, ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм зайыбы, саясаткер Заманбек Нұрқаділов туралы айтты, деп хабарлайды ult.kz

Журналист Дина Төлепбергенге берген сұхбатында Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтың өліміне қатысты не болғаны туралы ашығы айтылуы тиіс деп есептейді және "өзін-өзі атты деген пунктті алып тастау керек" дейді. 

"Сосын барып, ескерткіш немесе мұражай ашады ма, сол дұрыс болатын еді. Сол өзін-өзі атты деген нәрсе әлі тұр ғой. Соған қарамастан барып ескерткіш ашамыз дейді. Сондай тіріліп келеді ме ол кісі? Адамның артында сол қинап өлтірді, атып өлтірді, ұрып өлтірді деген нәрсе бар. Қатты ұрған дейді. Жуындырған адамдар айтты. Белінде үш жерде сынығы бар екен. Сонда кәдімгідей тепкен болып тұр ғой. Соның барлығы ашылмағанына жүрек ауырады", –деді әнші. 


Сонымен бірге ол үйін сатуына байланысты: "Үйді сатамын деп шығарған кезімді есіме салмай-ақ қой. Өтті де кетті. Әңгіме айтылған жерінде қалсын. Сатпайтын болдым", -деді. Бірақ жақында Заманбек Нұрқаділовтің атына мұражай ашылса сол жаққа бүкіл дүниесін өткізіп бермек ниетін жеткізді. 

"Осы күнге дейін кітаптары мен заттарын беріп жібердім. Қалғанын кейін беремін. Басқа амалым жоқ. Ескі үй болғасын жылуы аздау болып тұр. Биыл күрделі жөндеуден өткіздім. Құбырлары жарылып, азып-тозып кетті. Кезінде Зәкең Мерейді осы үйден ұзатамын деп салған болатын. Оны туысқандардың бәрі білді. Ол күнге жете алмады", – деді ол. 


Айта кетейік, жақында Алматы облысы Кеген ауданында Заманбек Нұрқаділовтың атына ескерткіш ашылған ашылу салтанатына халық әртісі қатыспады.