03 қар, 2020 сағат 17:15

Өзіміздің және өзгелердің өміріне жауапкершілікпен қарайық - Айгүл Иманбаева

Әнші, театр және кино әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева Қазақстан халқын карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл тек біздің елге ғана емес, барша әлемге қауіп төндірген індет. Сондықтан карантиндік шараларды сақтауда бейқамдық танытпауымыз қажет. Коронавирус инфекциясының бар екеніне күмәнмен қараған азаматтар жағдайды саналы сараптап, қоғамға жауапкершілікпен қарау керек деп ойлаймын. Бұл жерде еліміздің, ұлтымыздың саулығы деген - үлкен мәселе тұр. Өзімшілдік көзқарастан арылып, өзгелердің өміріне жауапкершілікпен қарайық!», - дейді ол. 

Сондай-ақ, кино және театр әртісі қазіргі таңда иммунитетті көтеретін дәрумендер ішіп, үнемі бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтау маңызды екенін баса айтты.

«Таяуда қыс түседі. Сондықтан жылы киініп, дәрігерлер айтқан кеңестерге құлақ түргеніміз абзал. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізге қол ұшын беріп, жақындарымызға жанашырлық танытсақ, індеттің алдын-алып, оның таралуын төмендете аламыз деп сенемін», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Сонымен қатар, Айгүл Иманбаева коронавирус инфекциясымен күрес жолында еңбек етіп жүрген дәрігерлерге алғысын жеткізді.