28 мам, 2021 сағат 18:29

Өзге ұлттар келген бетте жер-су атауын өзгертіп отырған - профессор Зарқын Тайшыбай


Петропавлда «Солтүстік Қазақстан облысының топонимдері» атты ғылыми еңбектің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Солтүстік Қазақстан облысының топонимдері» кітабы жиырма жылға жуық еңбектің жемісі. Кітаптың авторлары - С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәуле Иманбердиева, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің ғылыми зерттеулер орталығының жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткер, профессор Зарқын Тайшыбай және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова.

«Ұлан-байтақ қазақ жерінің әр түкпірінің, әр мысқал жерінің өз атауы бар.

1865-66 жылдары Ресей қазақ даласын отарлауды аяқтаған кезде, құжат шығарып, қазақтың жері мемлекеттің жері деп санады. Алайда еш қазақ ешкімге жерін сатпаған. Ондай қағаз жоқ. Тек Қарағанды облысында көмірлі аймақтарда бір-екі жер бар 150 рубльге, 500 рубльге сатылған. СҚО жерінің сатылғандығы туралы бірде-бір қағаз жоқ.

Ресей империясы ұлан-байтақ жерімізден қазақтарға үлес беріп, қалғанын бос жер деп есептеп, келімсектерді қоныстандырған. Олардың орналасқан жеріне орысша ат қойған.

Топонимика, жер-су атауларын зерттеу – еріккеннің ермегі емес, бұл тарихи құжат. Бірнеше жыл еңбектеніп, соны кітап қылып шығару үшін талай рет ғылыми еңбектерге берілетін грантты алуға ұсындық, өтпеді. Тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен жарыққа шықты. Бұл кітап СҚО – біздің қазақтың жері екендігінің таңбасы», - дейді кітап авторларының бірі Зарқын Тайшыбай.

Қазақстанда тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті «Тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы қолға алынды. Бұл еңбек – соның нәтижесі. Ғылыми еңбекте ХV-ХХ ғасырларда, Кеңес үкіметінде, Тәуелсіздік кезеңінен бастап неше атау өзгерді, атаулар қалай өзгерді, өзгеруге не негіз болды деген сауалдарға жауап табуға болады.

«Өзге ұлттар келген бетте жер су атауын өзгертіп отырған. Күшпен өзгерткен. Кеңес үкіметінің тұсында да неше түрлі Қызыл ту, Алғабас, Екпін деген сияқты атауларды қойды. Ол да халықтың санасын шатастырудың бір түрі. Бұл қазақтың жері емеске тіреу.

Қазақ жер-су атауларын төбеден алып қоя салмаған. Олардың кейбірі сол жердің түсіне байланысты, мәселен Ақкөл, Қарасу сияқты, енді бірі сол жердің пайда-зиянын білдіріп, Жақсыкөң, Қызылбұлақ деп аталған. Қазақтың атаулары ата-бабаларымыздың жер атаулары арқылы жазып кеткен тарихи құжаты, хаты, ескерткіші деуге болады», - дейді Зарқын Тайшыбай.

СҚО бойынша топонимдер көл, өзен, батпақ, жол, орман, мола, елді мекен, тау, қала атауларының шығу тегі ғылыми тұрғыдан сараланған.

«Көптен жинақталған материалды бір жүйеге келтіріп, нәтижесінде СҚО-ның елді мекен, жер-су атаулары алғаш рет басылып шықты.

Облыс, Ресей архивінен алынған деректерді қолданып, атаулардың негізін ғылыми дәлелдеп, шығарып отырмыз. Бұл еңбек ғалымдарға, топонимдерді зерттеп жүрген жастарға, студенттерге арналады. Болашақта осының негізінде қалың көпшілікке түсінікті болатындай етіп шығады, кітапты дайындап жатырмыз.

Зерттеу барысында көптеген қызықты деректер анықтылды. Мәселен Айыртау ауданындағы бүкіл қазіргі орысша атаулардың бәрінің қазақша атауы болған. Сол жерге ХІХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап қоныс аударушылар келе бастап, олар бәрін орысшаға ауыстырып жіберген. Бұл өзгеріс Кеңес үкіметінен бұрын болған. Тағы бір байқағанымыз жер-су атаулары негізінен жердің бедеріне қатысты қойылса, ал елді мекен атаулары сол елдің, рудың беделі азаматтарының атымен аталған», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Авторлардың айтуынша, осы тақырыпта тағы да бір кітапты жарыққа шығаруға материал дайын. Оған қаражат қолбайлау.

Ал «Солтүстік Қазақстан облысының топонимдері» әзірге 50 данамен ғана шықты.