Өзбекстанда COVID-19 вирусына қары екпе салу науқанының алғашқы айында 800 мыңға жуық адамға екпе салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өзбекстан республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 1 мамырдағы жағдай бойынша, елде 797 781 адамға екпе салынған. Аймақтар арасында Ферғана облысы көш бастап тұр: онда 117 843 адамға вакцина егілді. Одан кейін тізімде Наманған облысы (84 874 адам), Әндижан облысы (82 268 адам) және Самарқан облысы (77 364 адам) тұр.
Еске сала кетсек, Өзбекстанда вакциналау науқаны 1 сәуірде басталған. Тұрғындарды вакциналаумен қамту біртіндеп кеңейтілуде: сәуірде ірі қалаларда жүргізілсе, мамыр айында аудан орталықтары мен ірі қалаларда, ал маусымда – ауылдық жерлерде жалғасады.
Вакциналау үш препарат – еуропалық AstraZeneca, қытай-өзбек тараптары бірлесіп шығарған ZF-UZ-VAC2001 және Ресейдің «Спутник-V» вакцинасы арқылы жасалып жатырн. Үш айдың ішінде Өзбекстан 4 миллионнан астам адамға екпе салуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта елде вакциналаудың 3 138 пункті мен 862 мобильді бригадасы құрылды.