06 шіл, 2021 сағат 16:15

Өзбекстанда барлық бұқаралық іс-шараларға тыйым салынды


Өзбекстанда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты барлық бұқаралық іс-шаралар уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тиісті шешім жақында коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы республикалық комиссияда қабылданды.

«Мұнда барлық мерекелік бұқаралық іс-шаралар, спорттық шаралар сондай-ақ концерттер, фестивальдер, театр және кинокөрсетілімдер туралы айтылып отыр. Шараның қай жерде өтетіні – ашық алаңда немесе жабық ғимаратта ұйымдастырылуы маңызды емес, бәріне шектеу қойылады. Ал спорттық жарыстарды жанкүйерлерсіз өткізуге болады», - делінген хабарламада. 

Сонымен бірге, 1 тамыздан бастап Өзбекстан аумағында той, жерлеу және басқа да отбасылық шаралар өткізудегі санитарлық-гигиеналық ережелердің сақталуын бақылау күшейтіледі және оған қатысушылар саны 50 адамға дейін шектеледі. 

Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл тыйымдар коронавирус бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанша күшінде болады. 

Еске сала кетейік, 28 маусымнан бастап Өзбекстанда эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты карантиндік талаптар күшейтілді.