Өзбекстанның ақпараттандыру және телекоммуникация саласын бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы WeChat мессенджерінің жұмысын шектеді.
Бұның алдында инспекция Twitter, TikTok және "ВКонтакте" желілерінің жұмысына шектеу енгізген. Елде Skype мессенджері де жұмыс істемей тұр.
Ол кезде мессенджерлер жұмысы азаматтардың "жеке мәліметтерін сұрыптау жөніндегі заң ережелерін бұзғаны" үшін шектелді делінген. Бірақ мемлекеттік инспекция таратқан мәліметте WeChat туралы ештеңе айтылмаған. Мекеме таратқан мәліметте шектеулер "анықталған кемшіліктер дұрысталған соң" алынатыны хабарланды.
Жақында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев TikTok қолданушыларын қолбасшы Әмір Темір мен ақын Әлішер Науаиға арналған тарихи ескерткіштерге тіл тигізді деп сынаған.
Шілденің басында Наманган облысының басшысы Шавкатжон Абдуразаков жастардың көбірек кітап пен газет оқуы үшін әлеуметтік желілерді бір айға өшіруді ұсынған. Оған жауап берген депутат Расул Кушербаев "ақпарат заманында әлеуметтік желілерді шектеу ақылға қонымсыз шешім" деп мәлімдеген.