05 мау, 2020 сағат 12:35

«Отырар» музей қорығының визит орталығында әл-Фарабидің экспозициялық залы ашылады

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында ғалымның есімін ұлықтау жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын баян етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында министрлік тарапынан «Ұстаздың қайта оралуы» деректі фильмі түсірілді. Еліміздің барлық музейлері мен кітапханаларында тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Отырар қалашығында солтүстік қақпаларды, қамал қабырғаларын, тұрғын кварталдарын, магистральды көшелерді, мешіттерді және қыш шеберханаларды қалпына келтіру басталды», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ алаңы арқылы онлайн режимде халық алдында есеп беру кездесуінде.

Министр сонымен қатар үш тілде ғалымның 7 томдық еңбегі жарық көргенін жеткізді.

«Алматы қаласында халықаралық деңгейде «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өтілуі басталды. Қазақ ұлттық университетінде «Әл-Фараби атындағы орталық» ашылды. Алдағы уақытта «Отырар» республикалық музей қорығының жаңа визит орталығында әл-Фарабидің экспозициялық залын ашу жоспарлануда», - деп түйді Ақтоты Райымқұлова.