20 қар, 2019 сағат 13:02

"Открытые медиа": Кабаеваның отбасы қымбат үйлерде тұрады

Ресейдің ұлттық медиа тобының директорлар кеңесінің жетекшісі, бұрынғы гимнаст Алина Кабаеваның отбасы бір миллиард 250 миллион рубль тұратын қымбат үйлерде тұрады. "Открытые медиа" қорының зерттеу мақаласында осындай дерек айтылады. Кабаева және оның туыстарының атына алты пәтер, екі үй және төрт облыста 70 сотық жер телімі тіркелген.

2018 жылы шілде айында Алина Кабаева Рублево-Успенский шоссесінен жер сатып алып, алғаш рет өз атына тіркеген. Росреестр дерегінше, "Успенское" демалыс үйі орналасқан елді мекендегі 45 сотық жер соған тиесілі. Мұнда 2013 жылдан бері Кабаеваның апасы Анна Зацепелина тұрады. Оның 45 сотық жері немересінің жер телімімен жалғасып жатыр. Басылымның жазуынша, Успенское елді мекеніндегі Кабаева отбасына тиесілі мүліктің құны 655 миллион рубльді құрайды.

"Собеседник" дерегінше, Олимпиада чемпионының анасы Любовь Кабаева ауданы 334 шаршы метр болатын екі қабат саяжайды жалдап тұрады. "Открытые медиа" жазуынша, ол 2010 жылы Сочидің Адлер ауданы Эсто-Садок елді мекенінен 49 жылға жалға жер алған. Саяжай мен жер телімдерін жалға алғаны үшін үшін Любовь Кабаева және өзі сияқты тағы 11 адам (арасында "Газпром" жетекшілері де бар) 101 мың рубль төлейді (күніне 278 рубль). Ал саяжайға жақын орналасқан қонақ үйдегі бір бөлмеге қонып шығу үшін бір адам күніне 6800 рубль төлеуі тиіс. Сочи шенеуніктері жалға алу құнын нарық бағасына жеткізуді жоспарлаған, бірақ жалға алушылар сот арқылы жеңіп алған.

Эсто-Садок елді мекеніне жақын жерде премьер-министр Дмитрий Медведевтің резиденциясы бар. Мұндай ақпарат Жемқорлықпен күрес қорының "Он вам не Димон" атты зерттеуінде айтылады. Зерттеу дерегінше, Ресей премьер-министрімен Алина Кабаева көп жылдан бері араласып тұрады.

Бұдан бөлек, Алина Кабаеваның әжесі Анна Зацепилина және әпкесі Лейсан Кабаева Мәскеу мен Санкт-Петербургтен шамамен 740 миллион рубль тұратын төрт пәтер сатып алған. "Дождь" телеарнасының жазуынша, олар жылжымайтын мүлікті президент Владимир Путин айналасындағы адамдардан сатып алған.

Алина Кабаева 2013 жылы мемлекеттік дума депутаты болып жүрген кезде табыс декларациясын жариялаған. Онда Кабаева табыс көлемін 11 миллион рубль деп көрсеткен. 2011 жылы төменгі палатаға сайланбай тұрған кезде оның жинақ қорында 124 миллион рубль қаражат болған. Қазір Алина Кабаева басқаратын ұлтық медиа тобы жыл сайын есеп бермейді, сол себепті Кабаеваның табысын есептеу мүмкін емес.

2008 жылы "Московский корреспондент" басылымы Ресей президенті Владимир Путин әйелімен ажырасып, Алина Кабаеваға үйленеді деп жазған. Бұл мақала жариялана салысымен газеттің жұмысы тоқтап, кейіннен жабылды. Кейбір сайттар он жыл ішінде Путин мен Кабаеваның ортақ үш баласы дүниеге келді деп жазады. Бірақ тараптардың ешқайсысы ақпаратты растамады.