25 қаң, 2021 сағат 10:36

Өткен жылы ел жолдарына қосымша 3,5 мың камера орнатылды

Өткен жылы еліміздің жолдарында қосымша 3,5 мың камера орнатылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жол ережесін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркеу камералары жол-көлік оқиғаларының алдын алуға үлкен септігін тигізіп отыр. 2020 жылы жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылдың арқасында шамамен 3,5 мың қосымша камера орнатылды. Өткен жылы олардың жалпы саны 36 пайызға артып, 12 856 камераға жетті», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында. 

Оның дерегінше, өткен жылы аталған камералардың көмегімен 2,6 млн жол ережесін бұзу фактісі анықталды. 

Осылайша елімізде жол ережесінің әрбір екінші бұзылуы автоматты камералардың көмегімен анықталып отыр. 

«Бұл іс-шаралар жол жүрісіне қатысушылардың тәртібін біршама арттыруға септігін тигізді. Соның арқасында елімізде жол апаты көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді. Камералар жол жүрісін және жүргізушілердің тәртібін қадағалауда тиімділігін дәлелдеді», - деді Серік Түсіпов.