Қазақстанда былтыр жалпы қылмыстар едәуір бәсеңдегенімен, экономикалық қылмыстар саны 25 пайызға өскен. Бұл туралы finprom.kz хабарлады.
«Осы қылмыстардың салдарынан келтірілген материалдың шығын көлемі 165 млрд теңгеге жетті. Бұл – алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 2,6 есе көп сома. Атап айтқанда мемлекетке 155,2 млрд теңге, ал жеке тұлғаларға 6,4 млрд теңге, ал заңды тұлғаларға 3,3 млрд теңге шығын келтірілген. 2020 жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығында экономикалық бағытта 1,3 мың қылмыс тіркелді. Бұл көрсеткіш – алдыңғы жылғымен салыстырғанда 22,9%-ға артық», - делінген зерттеуде.
Аймақтарды бөліп қарағанда экономикалық қылмыстардың көбі Алматы қаласында тіркелген (240 жағдай – алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,9 пайызға артық). Тізімде одан кейін Шымкент (208 жағдай - алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп) және Қарағанды облысы (115 жағдай – алдыңғы жылмен салыстырғанда +53,3 пайыз) тұр
Ал осы қылмыстардың азаю көрсеткіші 17 өңірдің 7-еуінде байқалған. Мәселен, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш үш есе азайса, Қостанай облысында төрт есе төмендеген.