05 қар, 2020 сағат 08:53

Өткен айда электронды еңбек биржасында 100 мыңға жуық вакансия жарияланған

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мәліметінше, қазан айында электронды еңбек биржасында 93 мың вакансия және 54 мың түйіндеме жарияланған. Оның ішінде біліктілікті талап ететін санатқа 65,5 мың вакансия және 34,7 мың түйіндеме жатқызылған.

Қыркүйек айы бойынша осыған ұқсас деректермен салыстырғанда вакансиялардың жалпы саны қазан айында 7%-ға, ал біліктілікті талап ететін вакансиялардың саны 2,9%-ға азайған. 

Ал орналастырылған түйіндемелердің саны 21,8%-ға, ал білікті еңбекті қажет ететін түйіндемелердің саны 24%-ға азайған. 

Мәселен, қыркүйек айында 100 мың вакансия және 67 мың түйіндеме орналастырылған, вакансиялардың 67,4 мыңы біліктілікті талап етеді, түйіндемелерден 46,9 мыңында біліктілік көрсетілген.

«Өңірлер бойынша вакансиялардың ең көп жиынтық саны Алматы (9,4%) және Қостанай (9%) облыстарында, білікті еңбекті қажет ететіндері Қостанай (10,3%) облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында (10%) орналастырылған. Бұл ретте вакансиялардың жиынтық санының ең көп өсуі Батыс Қазақстан (80%-ға) және Қызылорда (30%-ға) облыстарында, ең аз саны Ақмола облысында байқалады, онда олардың саны қыркүйекпен салыстырғанда 46,3%-ға, ал Нұр-Сұлтан қаласында 28%-ға қысқарған. Қазан айында білікті еңбекке деген қажеттілік Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында тиісінше 105%-ға және 40%-ға ең көп өскен. Аталған көрсеткіш бойынша Ақмола облысында 39%-ға және Алматы облысында 30,5%-ға төмендеу байқалады», – деп атап өтті ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Қазан айында жұмыс іздеушілердің ең көп саны Түркістан облысында (6 мың түйіндеме немесе жалпы санның 11,1%-ы) және Жамбыл облысында (4,7 мың немесе 8,7%-ы) болды. Білікті еңбек ұсынатын қызметкерлерге қатысты қазан айында Атырау (3,1 мың немесе жалпы санның 9%) және Маңғыстау (3 мың немесе 8,8%) облыстары көш бастап тұрды. 

Ақмола (855) және Солтүстік Қазақстан (884) облыстарында мыңнан аз білікті жұмыс іздеушілер өз түйіндемелерін орналастырған. 

Бұл ретте білікті жұмыс іздеушілердің саны қазан айында қыркүйекпен салыстырғанда Түркістан (4%-ға) және Батыс Қазақстан (1,6% – ға) облыстарында өсті, ал қалған өңірлерде қысқару байқалады, бұл ретте ең үлкен қысқару Нұр-Сұлтан қаласында (54%-ға) және Алматы облысында (46%-ға) байқалады.

«Сұранысқа ие біліктілігі жоғары қызметкерлерге келетін болсақ, суық ауа райының жақындауына байланысты қазандықтар мен бу машиналарының операторлары ең көп сұранысқа ие болуда: қазан айында 6 мыңнан астам бос жұмыс орны орналастырылды, бұл - олардың жалпы санының 9,3%. Танымалдылығы бойынша: электр энергиясын өндіру бойынша операторлар, оларға қажеттілік 3,2 мыңды немесе 4,9%-ды құрады», – деп қорытындылады талдаушы.

Өңірлерде, яғни Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында бойлер операторлары, ал Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында электр энергиясын өндіру операторлары сұраныс бойынша бірінші орында. 

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қазан айында дүкен сатушыларын, Қостанай облысында – жүргізушілерді, Маңғыстау облысында – вальцовщиктерді, ал Шығыс Қазақстан облысында – орта мектеп мұғалімдерін көбірек іздейді екен.