09 қар, 2016 сағат 06:56

Отаршылдықтың кісенін үзген көтеріліс. 1916 жыл: Күнгейі мен көлеңкесі

Биыл елімізде ерекше атаулы жыл Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық көтеріліске – 100 жыл. Ғасырлар бойы азаттық аңсаған қазақ даласында халыққа тізесін батырған билікке қарсы көптеген көтерілістер болған. Аталған өңірлерді түгелге дейін қамтыған бұл көтеріліс, ең алдымен, патшалық Ресейдің көптеген жылдар бойы жүргізіліп келген, ал, 1914 жылы басталған бірінші жаһандық соғысқа байланысты бұрынғыдан әрі күшейе түскен отарлық қанау саясатына қарсы бағытталды. Осы көтерілісте Ресей боданында болған дала халықтары алғаш рет толық мәндегі азаттықтың ұранын көтерді. Езгідегі халық қолына қару алып, патшаға қарсы шықты.

 КӨТЕРІЛІСТІҢ  БАСТАЛУ СЕБЕПТЕРІ

1914 жылы басталған бірінші жаһандық соғыстың барысында Ресейде төңкерістік ахуал әбден ширыға түсті. Біріншіден, үстем таптардың бұдан әрі бұрынғысынша үстемдік ете беру мүмкін еместігі еді. Екіншіден, елдегі дағдарыс салдарынан еңбекші бұқара әдеттегіден де тыс мұқтаждық пен жоқшылыққа ұшырады. Үшіншіден, үстем таптардың қылығына халықтың ашу-ызасы мейлінше артуы, төңкерістік қимылдармен белсенді түрде ұштасып жатқан наразылықтың барынша күшеюі.

Соғыс қисапсыз шикізатты, азық-түлікті, малды, т.б. материалдық игілікті жалмай берді. Уақыт өткен сайын соғысқа байланысты тонау мен қанау күшейе түсті. Әртүрлі салықтардың мөлшері артып, жаңа салықтар енгізілді. Жергілікті халық төлейтін салықтар көлемі 3-4 есе, ал, жекелеген жағдайларда 15 есеге дейін көбейді. Сонымен қатар, халық күн­делікті тұтынатын заттар үздіксіз қымбаттай берді. Мәселен, 1914-1916 жылдар аралығында Жетісу облысында әр түтінге салынатын салық 3 сомнан 8 сомға өсті. ХХ ғасырдың басында бір пұт ұнның бағасы 94 тиын болса, 1916 жылы ол 40 сомға дейін көтерілді. Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстарында 1916 жылы бидай ұнының бағасы 1,5 есе, ал, еттің бағасы екі есеге дейін жоғарылады. Земстволық, болыстық алымдардың, жол алымының мөлшері көбейді. Старшындар, шенеуніктер, байлар парақорлықпен айналысты, қазынаға алым-салықтан түскен қаржының, малдың елеулі бөлігін қымқырып қалып отырды.

Әулиеата уезінің қазақтары 1916 жылы 17 наурызда болыстар мен стар­шын­­дардың озбырлығына шағым жасап Түркістан ге­нерал-губернаторына «Жағдайды анық­тау үшін айрықша тапсырмамен ше­неу­нік жіберуді сұ­рай­мыз. Өйткені, араны ашылған әкімдерді онан ары қанағаттандыра беруге халықтың еш­қан­дай мүмкіндігі жоқ» – деп жазған. Со­ғыс­тың ауыр зардаптарынан, жұт болуы салдарынан егістің көлемі, малдың са­ны құлдырап кеміп кеткен. Оның үстіне отаршылдық саясаттың салдарынан жер мәселесіндегі қайшылықтар шиеленісе түс­ті. Жергілікті халық мекендеген құнарлы алқап­тарды тартып алу әдеттегі дағдыға ай­нал­ды.

Бірінші жаһандық соғыс барысында әскердің және қол күшінің жетіспеуінен тылдағы объектілердегі жағдай да нашарлады. Сондықтан да, патша үкіметі 1916 жылы 25 маусымда шет аймақтар халықтарының азаматтарын майдан­дағы қара жұмысқа шақыру туралы жарлық шығаруға мәжбүр болды. Жарлық бойынша тыл жұмыстарына Қа­зақстан мен Орта Азиядан (19 бен 43 жас аралығындағы) 400 мың адам, соның ішінде, қазақтардан 240 мыңға жуық кісі алу белгіленді. Егер, сол кездегі қазақ шаруа­шылықтарының саны 700 мыңнан сәл асатынын ескерер болсақ, патша жарлығы тұтастай орындалған жағдайда, әрбір үшін­ші шаруашылық өзінің негізгі еңбек ету­шісінен айырылады екен. Ал, мұндай мөлшерде жұмысшы қолын майданның тыл жұмыстарына әкету Қазақстанды ұлттық апатқа ұшыратуы мүмкін еді.

Мобилизация жүргізу, алынған жі­гіт­терді әскери әкімшілікке тапсыру жер­гілікті қазақ әкімдеріне тікелей жүк­телді. Мобилизациядан болыс, байлар, атқа мінерлер, молдалар мен дворян құқын алған үстем тап өкілдері, оқыған интеллигенттердің бір сыпырасы босатылды. Іс жүзінде байлардың балалары өз орындарына ақша төлеп кедейлерді жалдап жіберді. Мобилизациядан пара алып босату немесе кедей жастарды заңсыз алу сияқты озбырлық тап күресінің шиеленісуіне, жергілікті ұлттарға, байларға наразы­лықтың кү­шею­іне әкеліп соқты. Демек, маусым жарлығы 1916 жылғы ұлт-азаттық көте­рілісі тез бұрқ ете түсуіне басты себептердің бірі болып табылады.

Көтерілістің  басталуы мен барысы

Жарлық Қазақстанның барлық аймақ­тарында дерлік жаппай наразылық туғыз­ды. Әлихан Бөкейхановтың сөзімен айт­сақ «қалың елдің дариядай толқуы» басталды. Демек, көтеріліс әуел бастан-ақ бүкілқазақстандық және ортаазиялық си­патқа ие болды.

Қазақстанның әр аймағында стихиялық түрде басталған патша жарлығына қарсы әрекеттер бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласты. Көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтыды, алайда, оның ірі ошақтары алдымен Жетісуда, одан кейін Торғай-Ырғыз өңірінде қалыптасты. Көтерілістің басты мақсаты ұлттық және саяси азаттыққа қол жеткізу болды.

1916 жылғы тарихи оқиғаға Орал­дағы – 10, Сырдариядағы – 13, Семейдегі – 17, Ақмоладағы – 27, Торғайдағы – 60, Жетісудағы – 102 болыстың ер азаматтары қатысты.

Жетісуда тұратын қазақ, қырғыз, ұйғыр, дұнғандардың ұлт-азаттық көтері­лісі қазақ даласындағы қозғалыстың ең көлемі ма­ңыз­ды орталығына айналды. Олардың ірі ошақтары Асылдағы – Қызылбөрік, Үш­қоңырдағы – Жайылмыс, Қастек-Сам­сыдағы – Ботбай, Тайторы болыстарында болды. Көтерілісті қазақ демократиялық интел­лигенциясының өкі­лі Тоқаш Бокин ұйымдастырды, дайындады. Жер-жердегі топтарды Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Нүке Сатыбеков, Досқожа Қаша­ғанов, Әли Нұрғожаев, Сатай Көбегенов, Жақабай Құдайбергенов, Бай­хан Қазыбеков, Сатай Қарашев, Боранбай Жантөлеев, Әлиасқар Сырабаев, Серғазы Күшіков, Сейдахмет Ысқақов, Иса Сексенбаев сияқты халық ұлдары басқарды. Ал, солардың ішінде Бекболат Әше­кеев айрық­ша көзге түсті, дараланды, ерлік көр­сетті. Себебі, ол алдына қойған мақса­­тынан қайтпады, халқына берген уәде­сінен таймады, танбады.

«Рас, мен соғысуға шықпақ болдым,
Басыңды жер астына тықпақ болдым.
Рас десең, рас сөз мен айтайын,
Ақ паштаның тұқымын құртпақ болдым» деп кімге қарсы шыққанын ашық, анық айтты топ алдында, көп алдында. Сөйтті де, өзін-өзі өлімге қиды. Жай емес, жарқын болашаққа сенді де, саналы түрде, сабырлы түрде мойнын дар тұзағына ұсынды…

Бекболат 1843 жылы Қаскелең тауында туды. Жастайынан мал бақты. Егін­шілікпен шұғылданды. Ағаш шебері атан­ды. Домбырамен күй шертті, есейген кезінде ел арасындағы дау-жанжалды ше­шуге қатынасты. Әлінің келгенінше әділ төреші болды. Осысы үшін аз уақыт болыстықтың тәжін де киді.

7 шілдеде Үшқоңырда жайылмыс қа­зақ­тарының съезі болды. Отар приставы Гилевтің 2 тамыз күні жазған хабарында Қаралы, 8 шілде күні Қарғалы, Бидайлы, Күр­ті, Ұзынағаш болыстарының мыңнан астам қазақтары Үлкен саз жайлауына жиналады. Мал санағын жүргізуге келген шенеунік Ивановқа қарсы пікір айтады. «Не істесе де, балаларымызды солдатқа бермейміз!» деп жазба түрде қарсылық білдіреді, оған Әміре Төлеубаев бастаған 45 кісі қол қояды. 10 шілде күні тағы да сол Үлкен Сазда 5 мың адам қатысқан жиын өткізіледі. Жиналғандар «Патшаға солдат бермейміз, бәріміз бірігіп соғыс ашамыз!» деп хабарлайды көпшілікке.

… Сол екі арада Алматыдан шыққан жазалаушы отряд та асуға жетіп қалған. Отряд бастығы – қазақтың қас жауы, Верный уезінің подполковнигі Базилевский еді. Отряд контингенті Верный гарни­зоны­ның құр сұлбасын сақтап отырған Сим­бирск жаяу әскері полкының солдаттарынан табан астында іріктелген жендеттер. Олар қаланың атты полициясы мен өрт сөндіргіштер дивизиондарының мәстектеріне мінгізіліп, кіші Алматыдағы соғыс қоймасынан қылыш-сайман, оқ-дәрі алысымен-ақ осылай жөнелтілген. Жолшыбай, Қаскелеңде отрядқа жол бастау­шылыққа және тілмаштыққа бір­қауым қазақ-орыстар қосылды.

Тамыздың 10 және 11 күндері
Жазалау отряды анталап асуға шықты. Ел шетіне жетуі-ақ мұң екен әлекедей жаланып, жеңіл сайран сала бастады. Қару-жарақ асынған мұншама орысты жөнді көре алмай, жол жиегінде көзін көлегейлеп қарай түскен, мал қайырған жайдақ атты қарияны көзі шалған Базилевский: «Сен анау шпион­ды шауып таста!» деп бұйырды солдаттарының біріне. Атын омыраулата түскен жаяу әскер киіміндегі ебедейсіз кава­лерист ол қарияны ықай-шықайсыз шауып тастады. Қозы бағып жүрген бір жасөс­пірімді, Базилевский және бір солдатқа вин­товканы көздетіп атқызды. Базилевский өзі­нің бұл ісін қылмысқа баламайды, қайта соғыс өнеріне машығы жоқ, мынадай топыр­ды жауынгерлікке үйретті деп білді.

Тамыздың 13 күні
Жаяулатып сап түзеген солдаттар бірі жатып, бірі тізерлеп винтовкадан оқ жаудырды. Дара шығып, аш қойған сойылшылар арқан бойдан артық бармай, оққа ұшып жатты. Ат үстінен үнсіз сырғып түсіп жатқандар бар. «Қарағым-ай, батыр емес пе едің!» деді Қойшыбай ақса­қал, ат үстінен ауып бара жатқан атақты көкпаршы суан Оспанды жанамалай сүйей беріп «Солай ма еді Қойшеке?» деп еңсесін бір көтерген еңгезердей жігіт: «Бол­майды екен, Қойшеке», деп қайта құлап түсті.

Үлкен қантөгіс. Герман майданының шебінде емес, дәл осы ауылдың ортасында болды.
– Оқтан қозыкөш шегініңдер, жыл­қы келді! – деді Бекболат, аттары шоршып, шиыршық атқан сарбаздарға, арт жақты нұсқап. Жылқы дүбірі Бұрған жақтан да, Шымбұлақтан да екі бүйірден шықты, жер қайысқан үйір жүйткіп кеп қалды. Сарбаздардың бір сәтке үміт оты жанды, отрядты қоршап алу да ойларында болған. Жылқы беті жауға бұрылды. Қиқулаған қалың нөпірден сесі қайтқан жау қашуға бет алды. Бірақ дауылдай ескен қуғыншылардан құтылмасын түсініп, белестегі қойтасқа бекініп, қайта оқ жаудырды. Дүркін-дүркін атылған оқ алапатынан үріккен жылқы алай-түлей. Омақасқан асау қысырақтар енді сарбаздардың өзде­ріне тосқауылға айналса, сарбаздардың өзі қас жауының оқ өтіне тосылды. Ат басын ірікпей, жеке дара «төлеп» шапқан Көпесбай мен Мұсабай қарт бірдей оққа ұшты. Осы қақтығыста 43 адам қаза тапты, алты адам майып болды.

– Беке қайтеміз? Ту құлады! – деді серік қарттардың бірі. Ұрыс өңіріне жайлау-жайлаудағы құз-шоқырлардан жаз­­бай, көз тіккен ауыл сақшылары: «біз же­ңіл­дік» деп азан салуы-ақ мұң екен, артынып-тартынып дайын отырған ел Қырғызды бет алып, одан әрі Қытай асуға лап көтерді. Көшкен елдің жұрты үрей туғызады.

Алайда, жазалаушы отрядпен екі рет соғыста бекболатшылардың бірнешеуі оққа ұшады, жараланады. Бекболат «ел басына түскен қорлыққа шыдамай» өзі келіп, Шамалғанда тұратын Төлеген Балғабектің үйінде жауына беріледі.

Сот мүшелері Бекболаттан бірнеше рет жауап алады. Бірақ  халықтың адал ұлы, ержүрек ардагері: «Көтерілісті ұйым­дас­тыр­ған да, бастаған да жалғыз өзім. Еш­кіммен байланысым жоқ» деп өлім тұза­ғын саналы қарсы алады.

7 қыркүйекте Боралдай деген жерде Бекболат Әшекеев, Байбосын Тамабаев, Қалығұл Сыпатаев үшеуі дарға асылды. Жендеттер топырақ бетін тегістеп, жермен жексен етті және қарулы күзет қойып, қазалы жерге бір ай бойы жан жуытпады.

Қарқара көтерілісінің басшысы жетпіс­тен асқан ақсақал Жәмеңке Мәм­бе­тов­ті патша жендеттері Ыстықкөл жаға­лауындағы Қаракөл қаласындағы түрмеде у беріп өлтірді.

12 желтоқсанда Жайылмыс болысының 23 адамы қосымша тергеуге тартылып, бас-аяғы үш күн ішінде әскери сот 14 адамды «бүлікші» деген айыппен өлім жазасына кесті. Олардың ішінде: Әшекеев (Бекболаттың ортаншы баласы), Әбішев, Аманбаев, Нұрабаев, Сұлтанов, Аманжолов тағы басқалары бар. Түркістан генерал-губернаторы Куропаткин сот үкімін ірікпей 22 ақпанда бекіткен, бірақ, сол күндері Петроградта ақпан төңкерісі басталып, ол үкім орындалмай қалды, сонда да елді меңдеген езгілік дерт асқындаған бетінде қала берді («Қазақ әдебиеті», 1996, 14 мамыр).

Қыркүйектің соңы мен қазанда Же­тісу көтерілістерінің негізгі күштері же­ңі­ліске ұшырады. Патша жендеттері көте­рілісшілерді ғана емес, олармен бірге бей­біт халықты да қатал жазалады. Жалпы Түркістан өлкесі бойынша 1917 жылдың 1 ақпанына дейінгі мәліметтер бойынша, мыңдаған көтерілісшілер сотқа тартылып 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеде отыруға кесілді. Қатал қуғын-сүргінге ұшы­раған 300 мыңнан астам немесе Жетісу өңірінің тұрғылықты халықтарының төрттен бір бөлігі атамекендерін тастап кетуге мәжбүр болды. Сондықтан да Жетісуды мекендеуші тұрғылықты халықтар 1916 жылды тек қана көтеріліс жылы емес, сонымен бірге, «Үркін» (үрке көшу) жылы ретінде көп уақыт бойы ұмыта алмады. Көтеріліс Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағын қамтитын сол кездегі Ақмола және Семей облыстарында да орын алды. Патша жар­лығына қарсы наразылық әрекеттеріне, жекелеген өңірлердегі көтерілістерге Зайсан уезінде 7000 адамдық топ, Өскемен уезінде 3000-ға дейін жететін топтар қатынасқан…

Сырдария облысындағы шаруалар көтерілісі патша өкіметін қатты қор­қытты. Көтерілісті басуға Ташкент­тен,  Орынбордан  әскер күштері кел­тіріл­ді. Ондаған зеңбірекпен, пуле­мет­­пен қару­ланған, жалпы саны 5000 жуық патша әскері қыркүйек айының басынан аяғына дейін көте­рілісшілермен ұрыс жүргізіп, оны аяусыз басып, жанышты. Новотроицк ауданында прапорщик Бондаренконың отряды көтерілісті басып, қолға түскен 150 адамды түгелдей атты. Қазақ ауылдарын айуандықпен өртеп, малдарын айдап кетті.

Сыр бойы шаруаларының көтерілісі көршілес Ақтөбе, Орал облыстары уез­дері шаруаларының патша жар­лы­ғын іске асыртпау жолындағы күре­сіне әсерін тигізбей қойған жоқ. Бұл ау­дандарда да патша өкіметіне ашық қарсылық кеңінен өрістеді. Оралдың оңтүстігіндегі Қаракөл, Қарабау, Соналы, Бұлдырты, Өлеңші, Қалдығайты болыстарын қамтыған көте­ріліс бытыраңқы түрде өрбіді. Қаракөл көтерілісшілері қаруланып, болыстардың қолындағы «қара тізімді» күшпен жойды әрі өз араларынан хан сайлады. Уезд орталығы – Ілбішіннен шыққан 100 адамдық жазалаушы отряд Қаракөлге жетіп, көте­рілісшілерді пулеметпен атқылады. Облыстағы көтерілістің екінші орталығы – шы­ғыс аймақтағы Шыңғырлау, Шиелі, Бөр­лі болыстары. Орал ка­зак-орыстары отрядының қолдауына сүйен­­­ген болыс Сарболының Ахметі жергі­лікті халық талабына құлақ аспай, тыл жұмысына алынатындар тізімін өз қалауынша жасап шығады. Бұған ашынған 400 көтерілісші қару қолданып, болысты және оның көмекшісін өлтірді. Орал қаласынан Шыңғырлау және Шиелі болыстарына шұғыл аттандырылған жазалаушы отряд көтерілісті күшпен басады. 14 адам тұтқындалып, соғыс  трибуналының үкімімен қатаң жазаланады. Соның өзінде де, Орал облысында қара жұмысқа алынады деп белгіленген 50 мыңнан астам ауыл жігіттерінің 32 мыңы шақыру пункттеріне келуден бас тартты. Бөкей дала­сында, Гурьев, Темір уездерінде нара­зылық қарулы көтеріліске ұласып, бұ­қара­лық сипат алды. Әсіресе, Темір уезін­дегі көте­рілісшілер қимылы тегеурінді болды.

Сыр бойы, Орал, Ақтөбе шаруалары көтерілісінің бір ерекшелігі оған қаты­сушылар осы өңірдегі орыс шаруаларымен қақтығысқа барған жоқ. Олардың таптық мұң-мүдделері өздерімен бірдей екенін түсінеді. Сырдария облысының әскери генерал-губернаторы Галкин 18 шіл­деде былай деп мәлімдеді: «Ташкент, Чер­няев, Әулиеата, Перовск уездері мен Амудария бөлімінің мұсылман халқы орыс поселкелерінің тұрғындарына қарсы ешқандай дұшпандық әрекет көрсеткен жоқ. Сондықтан да бұл поселкелерді қорғау үшін әдейі шара алудың қажеті аз» (ҚР Мемлекеттік мұ­рағаты, 1237-қор, 1-тізбе, 25-іс, 285-бет).

Исатайдың немересі – сарбаздар басшысы

Астрахань облыстық мемлекеттік мұ­­ра­­ғаттан атақты батыр Исатай Тай­ма­­­новтың немересі Өтепқали Исатаев бас­қарған көтеріліс жайында бірқатар деректер табылды. Солардың бірінде былай деп жазылыпты:

«Қаулы. 1916 жылғы шілде. 25-күн.
Мен, Краснояр уездік исправителі Хлы­нов, осы жылғы маусымның 11-інде бірінші округ ауданына келдім және жергілікті әкімдер арқылы жоғары мәрте­белі жарлықты жария еттім.

1-ші округтың 15-ші болысының киргизі (қазағы) Өтепқали Исатаев, 70 жаста, князь Юсуповтың жерінде, Краснояр уезінде тұрады, орысша жақсы сауатты, қазақтар арасында беделді, оның сөзі бүкіл қауым үшін заң іспетті, оның беделінің тағы бір ерекше белгісі – атасы Исатай Тайманов осыдан жүз жыл бұрын бүкіл қазақ ордасын көтеріліске бастаған. Өтепқали қазақтарды тыл жұмысына алу туралы естісімен өзіне ақыл сұрап келген қазақтарға бір нәрсені желеу етіп жиналып, екі сиыр сойып, ас үстінде кеңес өткізу, ең бастысы, қазақтарды әскерге бермеу, одан да осы жерде өлу қа­жеттігі туралы ақыл қосқан.

Осы  жағдайға  орай  және  күшейтіл­ген күзет ережесінің 21-ші статьясы негі­зінде Қаулы етемін: Ішкі қазақ ордасы, 15-ші болысының қазағы, 70 жастағы Өтепқали Исатаев мемлекеттік қыл­мыстың алдын-алу және болдырмау мақ­сатымен Астрахань абақтысына жабы­­­лып, Астрахань губернатор мыр­за­­сы­­­ның қарамағына жіберілсін. Бұл қаулы да сонда тапсырылсын.

Осының көшірмесі Астрахань гу­бер­ниялық жандарм басқармасының бас­тығына, Астрахань округтік сотына және оның учаскелік өкіліне хабарлансын. Краснояр уезінің исправителі, қазақтарды тыл жұмысына алу жөнін­дегі өкілі А. Хлынов. Бұл қаулы Иса­таевқа хабарланған…»

Осы деректерге қарағанда, губерна­тордың алдауына сенген 2000-дай сарбаз 25 шілдеден бастап ауылдарына тараған. Мұны білген А. Хлынов және басқа әкімдер жазалаушы топ шығарып, әуелі Едіге Нарынбаевты, одан соң Өтепқали Исатаевты тұтқынға алады. 26-шілдеде жазалаушы отрядқа жергілікті старшын Досқали Расов пен правитель Құрманбаевтың шабармандары қосылып, көтеріліске қатысқан 67 жасар Ескендір Төлебаевты, 53-тегі Мұқаш Мәутеновты, 55-тегі Өтеген Сапаевты, 71-жасар Баратай Жанбаевты ұстайды. Өтепқали Исатаев өзінің алты серігімен және көтерілісшілер арасындағы дәрігер Махмұт Шолтыровпен бірге Астрахань абақтысында тергеуде болады…

Ер Исатайдың немересі Өтепқали бастаған көтеріліс осылайша жеңіліске ұшырайды. Өтепқали өзі кейінірек, 1930 жылы қайтыс болады. Ағайындары оны Мыңтөбеде, Таушық деген жерде жер­лейді. Басына күмбез, ағаш мұнара орнатады. Өтепқалидың зиратын жергілікті тұрғындар өте қастерлейді. Бұл да азат­тық жолында шайқасқандарға деген ха­лық құрметінің бір белгісі екені анық («Со­циалистік Қа­зақстан», 1988, 25 қыр­күйек).

ТОРҒАЙ ӨЛКЕСІНДЕГІ ТОЛҚУЛАР

1916 жылы 16 тамызда патша әкімшілігі торғай қаласында Қазақстанның бес облысы (Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстары) өкілдерінің дала өлкесі генерал-губернаторы И.А. Су­хом­линов басқарған кеңесін өткізді. Мұнда бай-феодалдар халық көтерілісін басуға міндеттенді. Көтерілістің ірі орта­лық­тарының бірі сол кездегі Торғай облы­сының (қазіргі Қарағанды, Қостанай, Ақ­төбе об­лыс­­тарының жері) уезі болды. Көтеріліс шіл­де айының бірінші жар­тысында бұрқ ете түсті. Қарабалық болы­сының 5-ауылының қазақтары 9 шіл­деде мобилизацияға үзілді-кесілді қар­сы­лық біл­­дірді. Жиналғандар: «Сол­датқа бармаймыз! Алуға келгендерді, кімде болса құртамыз! Патшаның өзі келсе, оны да өлтіреміз!» деген ұран тастады. Олар ауыл старшынын соққыға жығып, болыс С. Қадыровты өлтірді. Жазалаушы отряд 72 адамды тұтқындады. Басқа уездерде де қазақтар мобилизацияға алынғандардың тізімдерін жойып, болыстарды өлтіре бас­тады.

Қара бұқараның Амангелді Иманов, Әб­діғапар Жанбосынов, Әлжан Қара­баев, Ыбырай Атамбеков, Қосжан Маңыбаев, Ақмолла Нұрқамысов сияқты жалынды топтары өздерінің бостандығы үшін қарулы шай­­қасқа шығуды қалады. Тор­ғай көтеріліс ошағы ең табанды болды және ұзаққа созылды. Мұрағат құ­жат­тары дәлелдейтіндей, торғай көте­рілісі шырқау шегіне жеткен кезде көтерілісшілердің жалпы саны 50 мың адамға жеткен. Негізінен арғын және қыпшақ рулары мекендеген Торғай уезінде бастапқы кезде патша жарлығына қарсы толқулар Қайдауыл, Аққұм, Қараторғай, Сарыторғай, Қара­қопа болыстарын, сондай-ақ Тосын, Майқарау, Сарықопа, Наурызым болыстарын қамтыды.

Көтерілістің етек жаю барысында атақ­ты Тілеуке батыр мен елге беделді бол­ған Нияз бидің ұрпағы, өзі де үлкен парасат иесі Әбдіғапар Жанбосынов қыпшақ көте­ріліс­шілерінің ханы, ал, Шолақ Оспанов ар­ғын көтерілісшілерінің ханы болып сайланды.

Әмір Әбдіғапар

Бүкіл орталық Қазақстанды, Ақтөбе мен Сыр бойының біраз бөлігін қам­тыған ұлт-азаттық көтерілісінің ұйымдас­тырушысы, көсемі, еткен еңбегі мен істеген істері өзгеге танылып келген Әбді­ғапар Жанбосыновтың тағдыры – Қазақстан тарихындағы ақтаңдақ беттер­дің бірі. Қазіргі тәуелсіз еліміздің азат­тыққа жетуіне Әмір Әбдіғапардың да қосқан үлесі зор. Өйткені 1929 жылға дейінгі деректердің бәрінде Торғайдағы көтеріліс басшысы Әбдіғапар хан (1871-1919) екендігі ашық айтылған.

1916 жылғы көтерілістерге бай­ланыс­­ты жарияланып жүрген неше түрлі деректерде (патша әскерінің жар­лық­­тары, ақпарлары) Әбдіғапар хан туралы үнемі айтылады. Бір ғана мысал келтірейік. 1974 жылы «Қазақстан» баспасы шығарған «Амангелді Иманов деген» кітапта жарияланған 79 құ­жаттың барлығында да Әбдіғапар хан­ның (құжаттар орысша, онда патша шенеуніктері Абдульгафар Джанбосынов деп жазады) көтерілістің басшысы екені ап-анық жазылған. Бірақ та, осы кітапта мақалалары жарық көрген авторлар (С.Бейсембаев, М.Қозыбаев, Х.Айдарова, П.Пахмурный, Х.Маданов жә­не басқалар) Әбдіғапардың тарих­тағы осындай орны туралы айт­пады, шы­рылдаған шын­дықты бүркемеледі.

Иә, Әбдіғапар хан кім? Оның халық алдында еткен еңбегі қандай? Ол туралы жетпіс жыл бойы жұмған аузымызды ашпастан келдік. Тек жамандадық, даттадық. Амангелдіні мақтау үшін оны қаралау керек болды. Себебі, ол – большевик емес, хан атанған. Кеңес заманында Әбдіғапар жасаған істердің көпшілігі Амангелді мен Әлібиге телініп келген. Бұл, әсіресе, көркем әдебиетте анық байқалады.

Белгілі ғалым-тарихшы Алаш қайрат­керлерін ұзақ жылдардан бері зерттеп жүрген Тұрсын Жұртбай «Жұлдыз» жур­­налының 2010 жылғы 11-санында «Ұраным – алаш» атты мақаласын жария­лады. Онда Қорған Әмірхамзиннің академик Манаш Қозыбаевқа жазған хаты келтірілген. Кейбір үзіндіге жол берсек:

Қымбатты Манаш Қозыбаев!

«…Алаш үкіметі Торғайға кіргеннен кейін  өздерінің  зымияндық  планын  тезде­тіп іс­­ке асыра бастайды. Торғайға кірген­нен кейін Алашордашылардың соғыс советі құрылып, олар Амангелді жағындағы қызыл әскерлерді қарусыздандыра бастайды, ақыр соңында неше түрлі айла-шарғымен халық батыры Амангелді Има­новты қолға түсіреді, түрмеге қамай­ды, ал, Қостанай жақтан келе жатқан Л.Таранның отрядын алдап қолға түсіреді, одан арғысы тарихтан белгілі… Үкім орындалды: «Амангелді сүйегін ешбір адам көрмейтін жерге апарып көміп тас­таң­дар!» – деп М. Дулатов әмір етеді». Алаш­ор­дашылардың Торғайдағы ойраны осымен аяқталады.

… М. Дулатовтың А. Имановты өлтіруге тікелей қатысқандығы баспа беттерінде анықталсын: ол үшін қазіргі Амангелді ауда­нында «Иманов» атындағы совхозда тұрушы А.Имановтың туғандарынан сұра­сын, бұдан кейін А.Иманов туралы Қа­зақстан баспаларында шыққан барлық көркем әдебиет, тарихи материалдар, азамат соғысы жылдарындағы Қазақстан че­кис­терінің естеліктері іздестіріліп, олар жа­рия етілсін! Әйтпесе, халық өзінің жүре­гінде мәңгі орын алған Амангелді сияқты батырдың өлімін іздейді де жоқтайды! Сонда не айтамыз!

Сәлеммен Қорған Әмірхамзин. Август, 1989 ж.

Академик М. Қозыбаевтың жауабы

Құрметті, Қорған!

Хатыңызға кеш жауап беріп отыр­ға­ныма кешірім сұраймын, демалыста болдым. Сіз: «Амангелдіні өлтіргендердің бі­рі Міржақып Дулатов еді», – деп, оның есі­­мінің ақталуына қарсы шығасыз. Шынында да «Алашорданың» Амангелдіні өлтіргені рас. Бұл оқиға 1919 жылдың мамырының 18-нен 19-на қараған түні болды. Ал, 1919 ж. Көкек айында, одан қалды декабрь айында «Алашорда» қозғалысына қатысушыларға амнистия (кешірім) жарияланды. Сол ке­шірім бойынша совет плат­­формасын қабыл­дағандардың бірі – М.Дулатов.

Қадырменді Қорған! Өзіңіз ойлап көріңізші: атақты Куприн ақ гвардияшылар қатарында болды, Парижге жер аударып, совет үкіметіне лағынет  айтты, ал, совет үкіметі болса оны ке­шіріп, барлық еңбектерін жариялады. Ал, біз неге қазақтың ат төбеліндей интел­лиген­циясының баршасына лағынет айтуымыз керек, олардың баршасы «Алашорда» қозғалысына қатысты десе болады.

Міржақып Дулатовтың кінәсі де аз емес, оны біз Қазақстан тарихында айтамыз, сонымен қатар, оның тұңғыш роман жазғанын, патшаның отаршылдық саясатына қарсы шыққанын, кезінде Амангелдіні жақтап мақала жазғанын ай­туға парыздармыз. Адам бұл дүниеге келеді, кетеді, бірақ, оның орны халық қазынасына берген мұрасымен есептелсе керек. Осы тұста Міржақыптың «Оян қазағы» дер кезінде Сәкенді де, Сәбитті де, Бейімбетті де оятқаны хақ. Оның есімі отаршылдық саясатына қарсы күрес­кен қауымның аузында болды десек, қате­леспеген болармыз. Өмірінің екінші сәтін­де ол баррикаданың арғы бетінде – Совет үкіметіне қарсы күресті. Ал, күресте оқ атылады, қылыш шабылады, қан төгіледі, біз оның бұл кезде істеген қылмысын ақтап алудан аулақпыз. Міржақыптың Алашорданың соғыс советін басқарғаны рас, ол Советтің Амангелдіні өлімге кескені рас. Міржақыптың сол советтің мүше­сінің бірі есебінде кінәлі екені рас, бірақ, шешім ауызша қабылданған, жазба дерек жоқ, ендеше Міржақыпты ешкім қолынан ұстап ала алмайды, тек жанама дәлелдермен айыптай алады. Сондықтан да, Орталық Комитеттің шешімінде де Амангелдінің өліміне Міржақыптың қа­тысы туралы үзілді-кесілді дәлел жоқты­ғы айтылған.

Қорыта айтқанда Міржақыптың өмірі үш кезеңнен тұрады. 1-ші кезеңі – Отар­шыл­дыққа қарсы күрескен, бостандықты аңсаған елдің өкілі, 2-ші кезеңі – Алашорда қозғалысына қатысып, қолына қару алып, Совет үкіметіне қарсы күресуі. 3-ші кезеңі – кешірім алып, кінәсін ақтауға тырысып, еліне, халқына қызмет етуге талаптанған жылдары.

Біз Міржақыптың өмірінің 2-ші кезе­ңін айыптай отырып, өмірінің қалған екі кезеңдегі пайдалы істерін, халыққа берген мұрасын көрсетуге парыздармыз. Бұл өскен елдің белгісі, оның азаматтық төл ісі болса керек. Біз М.Дулатовтың жеке өмі­ріне, міне, осылай диалектикалық тұр­ғыдан қарауға міндеттіміз. Есіңізде бар шығар, Ленин Плехановтың 5-6 жылдық өмірін айлап бөледі, оның большевик болғанын, «ярный меньшевик», тағы басқа жойымпаз болғанын айлап анықтаған, біз де Дулатовтың өміріне осылай қарауға міндеттіміз. Маркстік-лениндік методология өмірдің жақсылығын, жамандығы, ащысын-тұщысын бірдей қарауға міндет­тейді. Өлең сөздің бір сөзін алып тастауға болмайды.

Сәлеммен – Манаш Қозыбаев. 12 қазан, 1989 жыл». 195-197-беттер.

1990 жылдың басында М. Қозыбаевтың «Жауға шаптым ту байлап» атты кітабы жарық көрді. Онда Әбдіғапар Жанбо­сын­ұлының кім болғанын толық білуге болады: «…ХХ ғасырдағы Ұлт-азаттық қозғалысының көсемдерінің Әмір Әбдіға­пардың бағы Егемен Ел болған кезде ғана ашылып отыр. Әбдіғапардың кешегі тоталитарлық заманда есімі құбыжық етілді, тарихтан аластатылды. Ал, шын мәнінде Әбдіғапар кім еді… Ауыр заманда ту көтерген ерлердің бірі Әмір Әбдіғапар даңқ үшін хан болмады, ел есімін атады, ол көнді. Отан үшін жанын пида етіп, шүберекке байлады. Патша жендеттерінен аман қалған Әмір Әбдіғапар большевиктік экстремизмнің құрбаны болды…» («Түр­кістан», 2010, 3 маусым).

Тұрсын Жұртбай, филология ғылым­дарының докторы:
«…Әбдіғапардың өліміне Міржақыпты кінәлайтын себеп, ақтар мен қызылдар өзара келісе отырып жергілікті біреуді кінә­лі қылып шығаруға тырысқан. Ол үшін бұрыннан басараздығы бар, елдің күдігін қалыңдата түсетін, көсемдігі басым жан таңдалып алынған. Негізі Әбдіғапар ханның өлімі Әліби Жанкелдин мен Амангелді Иманов Ленинмен кездесуге кеткен кезде орын алған. Сол тұста Алаш қайраткерлері ханның маңында жағдайдың қалай ойысарын күтіп отырады. Меніңше, хан шатырына өте жақын тұста поляктардың әйгілі атқыштар отряды тұрған… Оның үстіне ұлттың бас көтерер тұлғаларын халықтың алдында қаралап, абыройынан айырып отыру Кеңес Одағының үйреншікті тәсілі еді. Осының өзі қызыл саясаттың сұрқия қадамды қолдап отырғанын анық көрсетсе керек. Міне, Міржақыптың ақталуына елеулі кесірін тигізген жаланың бір құпиясы осында жатыр» («Қазақ әдебиеті», 2010, 27-тамыз).

Жұмағали Ысмағұлов, филология ғы­лым­да­рының докторы:
«…Негізі, Әбдіғапардың өліміне түрлі болжамдар бар. Бірі – «ақтың офицерлері өлтірді» десе, екіншісі – «қызылдардан келген ажал болды» дейді. Ақыры соның бәрін Міржақыпқа аударып жіберді. Шынында, кеңестік билік өзара келісіп, туыстарына қазақы ұғыммен сіңіріп жіберген. Негізі, Міржақып пен Әбдіғапардың арасында сыни мақалаларға жауап қатысу ғана бар. Онда да екеуін таныстырған Мір­жақыптың «Амангелдіні ұры» деп жаз­ған мақаласына пікірталас еді. Оның үсті­не Әбдіғапар өлген кезде Міржақып әскерімен Орын­борға жүріп кеткен еді. Сондықтан, Міржақыптың Әбдіғапар ханды өлтіруі мүмкін емес. Оның үстіне жан-дүниесі поэзияға ғашық ақынның ондай айуандыққа бара алмайтыны анық («Қазақ әдебиеті», 2010, 27 тамыз). 

Бүгінде Әмір Әбдіғапар Жанбосын­ұлы­нан тараған ұрпақтың ұйытқысы боп отырған немересі – Қабден Қалиұлы Әбді­ғапаров. Сексеннің сеңгірінен асқан қария былай сыр шертеді: «…Құ­­дайға шүкір, Қазақстан жеке дербес ел болып, өткен тарихын қайта құрастыруда. Кеңес дәуірінде тарихы қолдан жасалып, шын­дықты өтірік, өтірікті шындық деген едік. Бүгін бұрын атына күйе жағылып қалған азаматтарымыз жарыққа шы­ғып, есімдері ел мақтанышына айналды. Соның бірі – Әбдіғапар, Кеңес дәуі­рінде оны мақтаған да, даттаған да жоқ, «үн-түнсіз» тарихтан атын сызып тастаған болатын. Тек патша генералдары шын ниетпен Әбдіғапарды жамандап: ханның соңына ерген көтерілісшілерді «Қарақшылар тобы» – деп Петроградтағы бас штабқа телеграмма үстіне телеграмма жіберіп жатты. Ресей мемлекетінің жаулары деп Сарытауда (Саратовта) арнаулы сот болып (1917 жылдың басында), Әбдіғапар мен Амангелдіні сыртынан сот құрып, өлім жазасына кеседі. Бірақ, патша әскерінің қолына біреуі де түспейді. Сөйтіп жүргенде патша үкіметі құлады, көтеріліс доғарылды. Торғай өлкесінде Кеңес үкіметі құрылды, мұнда да жақ­сылық болмады, қайта бұрынғыдан бетер қудалау басталды.

Ақыры алма-кезек шабуылда жүріп Амангелді қаза тапты. Большевиктерге қосылмаған Әбдіғапарды өздері сотсыз жасырын атып кетті… («Ақиқат», 1995, №9, 36-бет).

Жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде Әбдіғапар ханның ұлдары мен қыздарын үкімет жан-жаққа тентіретіп жіберген. Үлкені Қали Челябі жаққа кетсе, кенже ұлы Мырзағали Өзбекстан жаққа бас сауғалады. Қали Ұлы Отан соғысына қатысқаннан кейін Алматы маңына келіп паналайды. Ал Мырзағали болса Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанды адақта жүріп Қазақстанға келе алмай 1956 жылы шет жерде қайтыс болады. Қалидың ұлы Қабден Әбдіғапаров қазір Алматыда тұрады. Ал, Мырзағалидың жалғыз ұлы Марат Алматы темір жол жүйесінде қызмет етеді.

2006 жылы «Атамұра» баспасынан «Тор­ғай қазақтарының көтерілісі» атты кітап шықты. Авторы – Марат Мырза­ға­лиұлы. Бұл тарихи еңбек Тор­ғай­дағы ұлт-азаттық көтерілісіне жан-жақты тоқталған ең алғашқы ғылыми тұжырым. «Ең ал­ғашқы» дейтін себебіміз, мұнда бұрын жария­ланбаған, тыйым салынып, СОКП-ның мұрағаттарында сақталған соны дерек­тер көп. Кеңестік кезеңде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы көптеген шығармалар жазылды. Алайда кеңестік цензура олардың тарихи шындықтан ауытқуына әсер етпей қалған жоқ. Көп­теген шығармаларда Амангелді мен Әлібидің бейнесі ғана сомдалып, көте­ріліс көсемі Әбдіғапар мен Оспан бейне­лері жағымсыз етіп көрсетіледі немесе мүлде аталмайды.

«Ана тілі» ұлт газеті 2010 жылдың 21-27 қазан санында 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтерілісіне арналған Файзолла Са­ты­­балдыұлының «Әбдіғапар хан» деп аталатын поэмасын жариялады. Файзолла Сатыбалдыұлы (1883-1959) он алты жа­­сында Құран Кәри ақын атанған кісі. Бі­лім­ді адам болған. Туған жері Торғай облысының Амангелді ауданы. 1916 жы­лы ұлт-азаттық көтерілістің басы-қа­сын­да жүріп, соған тілектес болған кісі. Ахмет Байтұрсынұлымен, Міржақып Ду­латұлымен сырлас, сыйлас болған адам. Ахаң­ды, Жахаңды жоқтаған, олардың қа­дір-қасиеттерін паш еткен жырлары да бар. 1928 жылы ұлтшыл, діншіл деген жаламен сотталып, Беломор каналға ай­далғанда, сонда Жақаңмен соңғы рет кездеседі. Сегіз жыл түрмеде отырып, босанып шыққан ақын өз ауылы жаққа жоламай, сырт жақта өмір сүреді. Туған жеріне өлерінің алдында ғана оралады. Ол көптеген дастандар, өлеңдер жазған. Солардың бірі 1950 жылы жазылған осы «Әбдіғапар хан» дастаны. Ақынның бұл шығармасы сол кезеңде 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихын бұрмалап көрсетушілерге жауап ретінде жазылған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Амангелді өліміне Әбдіғапарды кінәлі етіп тауып, оған және Кейкі батыр Көкембайұлына жалалы қара күйе аямай жағылған болатын. Жалған жалаға шыдамаған ақын ақиқатын айту үшін қолына еріксіз қалам алған. Бұл шығармада ұлт-азаттық көтерілісінің шын сипаты, нақты суреті белгіленген.

2010 жылдың шілде айының соңында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты Әмір Әбдіғапар Жан­босынұлының туғанына 140 жыл толуына байланысты «1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс: тарихы және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізді.

Конференцияға Англия, Италия, Корея, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстаннан арнайы шақырылған ғалымдар қатысып, 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбында жи­нақталған материалдарға сүйеніп баяндама жасады. Яғни, бұл шарада Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ, Орталық Азия мен алыс-жақын шет елдерде 1916 жылғы ұлт-азат­тық қозғалысын зерттеудің қазіргі за­ман­ғы ұстанымдары қарастырылды.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс же­ңіліс тапса да, бұрынғы Кенесары-Наурыз­бай бастаған азаттық жолындағы ұлы күрестің жалғасы болды. Әмір Әбдіғапар, сар­дарлар Амангелді, Кейкі, Жағыпар, Қос­жан, Уәлі, Өмен, Сейіткерей сияқты ер­лік жолында арыстандай айға атылып, өлім құшқан батырларды өнеге тұту біздің сал­мағы ауыр парызымыз. Бейбіт жатқан ел­дің берекесін кетіріп, өрісін тарылтқан пат­ша жарлығына қасқайып қарсы шыққан халық қаһармандарының ерлік істері мәңгі жасай береді.

Тілеу Көлбаев, профессор.

"Ақиқат" журналы