ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі отандық телеарналар мен бағдарламалардың рейтингілерін live-режимге шығарады. Бұл туралы ведомство басшысы Аида Балаева мәлім етті, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір интернет сайттар – әмбебап хабар тарату құралына айналғанын көріп отырмыз. Бүгінде бір сайттың ішінен жазба ақпаратты да, аудио хабарламаны да, бейне-бағдарламаларды да табуға болады. Мысалы бүгінде мемлекеттік қолдауға ие е-history.kz, аdebiportal.kz, el.kz, inform.kz, baq.kz сияқты сайттарда қазақ тіліндегі материалдар заманауи форматтағы бейне жазбалар, аудиоподкастар оқырмандарға қолжетімді. Бүгінде жастар арасындағы ең сұранысқа ие қосымшалардың бірі – «TikTok» әлеуметтік желісі. Бұл ретте, е-history.kz порталы «Тиктокер тарихшы» парақшасын ашып, жастарға жеңіл әрі қысқа түрде еліміздің тарихын түсіндіретін ақпарат береді», - деді Аида Балаева Қазақ тілінде контент жасаушылардың дәстүрлі форумында.
Министр осы айдан бастап отандық телеарналардың рейтингі онлайн режимге шығарылатынын жеткізді.
«Бұған дейін қоғам тарапынан медиа өлшеу жүйесін жетілдіру туралы ұсыныстар айтылған болатын. Осы орайда, біз осы айдан бастап министрліктің сайтында заманауи IP технологияларды пайдалана отырып, жаңа жүйені іске қостық. Оның негізінде, қызығушылық танытқан кез келген азамат барлық қазақстандық телеарналар мен бағдарламалардың рейтингілерін live-режимде көре алады. Қазір отандық контентті қараушылар үлесі үлкен қарқынмен өсіп келеді. Бүгінде Қазақстан медиа нарығындағы шет елдік және отандық арналар рейтингісінде үздік ТОП-10-дықты біздің отандық телеарналар иеленді. Мұның өзі біздің ұлттық телеөнімдердің бәсекеге қабілетінің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді», - деді министр.