#
#
Сейсенбі 24/11/2020

Отандық мультфильмдер ұлттық құндылықтарымызды аяққа басып жатыр - мәжілісмен

  • 04.11.2020
  • 0
  • 365

«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Кәрібай Мұсырман мен Дархан Мыңбай отандық мультфильмдердің сапасыздығын сынға алып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген екен Мұхтар Әуезов. Бүгінде сондай бесіктің бірі, яғни таным мен тәрбие қайнары – мультфильмдер екендігі даусыз. Кешегі балалар орыстың «Қап, бәлем, тұра тұрын» қызықтаған болса, бүгінгі балалар – «Маша мен аюды» көріп мәз. Олармен отандық аниматорларымыздың қай туындысы бәсекелесе алады? Расында да, теледидар мен интернетте көрсетіліп жүрген отандық мультфильмдердің көркемдік деңгейі көңіл көншітпейді. «Алдаркөсе», «Ертөстік» сияқты мультфильмдерде халқымыздың ауыз әдебиетіндегі сүйікті кейіпкерлерінің образдары бұрмаланып, ұлттық құндылықтарымыз аяққа басылған болып шықты. Бірер мысал: «Алдаркөсе» мултьфильмінде бір кемпір үйіне көңілдесін кіргізіп алып, шалын ұрып-соғып қуып жібереді. Бұл ойдан шығарылған, ұлтымыздың дәстүріне жат қылық емес пе? Оны көрген бала қандай тәлім алады? Ал «Ертөстік» мультфильмінде қазақ кісі етін жейтін каннибал ретінде сипатталғандығы жағаңды ұстатарлық жағдай емес пе? Ұлы ойшыл, ақын Абай туралы орыс тіліндегі 9 сериялы мультфильмнің атауы «Жауынгер жолы» екен. Сол атауына сәйкес Абай бабамыз көшеде кетіп бара жатқан жалғыз қызға жабылған бұзақылармен төбелеседі. Тіпті аюмен де алысып, жеңіп шығады. Бұл мультфильмнің идеялық-көркемдік деңгейі, міне, осындай», - деді Мәжіліс депутаты. 

Оның атап өтуінше, еліміздің телеарналарынан көрсетілетін, басқа тілдерден қазақ тіліне аударылған көптеген мультфильмнің сапасы да сын көтермейді. Олардың аудармалары мен дыбысталуы бала санасы мен талғамына сай келе бермейді.

«Саннан сапа туындайтыны белгілі. Бізде шығарылатын мултьфильмдер саны да мардымсыз. Мәдениет және спорт министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, анимациялық фильмдердің негізгі өндірушісі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы базасында құрылған «Анимациялық кино» шығармашылық-өндірістік бірлестігі кейінгі 3 жыл ішінде жалпы сомасы 610 миллион теңгені құраған мемлекеттік тапсырыс бойынша небәрі 6 мультфильм шығарған. Бұл ретте көршілес Ресей Федерациясында жыл сайын 100 шақты мультфильм мемлекеттік тапсырыс арқылы шығарылатындығын айтқан жөн», - дейді Кәрібай Мұсырман. 

Мәжіліс депутатының айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігіне алдағы жылы ұлттық фильмдер шығару үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 159 миллион тенге бөлініп отыр. Осы қаржының елеулі бөлігін анимациялық фильмдерді шығаруға жұмсаған жөн болар еді.

Осыған орай ол Үкімет басшысы орынбасарының қарауына бірнеше ұсыныс жасады. 

«Біріншіден, Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан аниматорлар одағымен бірлесіп, анимациялық фильмдерде ұлттық құндылықтарды насихаттау және оларды бұрмалаудың алдын алу мәселесін қарағаны жөн. Екіншіден, отандық анимациялық фильмдер санын көбейту мақсатында оларды шығаруға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру мәселесін қарау қажет. Үшіншіден, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі анимациялық фильмдер шығаратын және оларды көрсететін телеарналарда шығарылған және басқа тілдерден қазақ тіліне аударылған анимациялық фильмдердің көркемдік деңгейін және бала тәрбиесіне әсерін анықтайтын көркемдік кеңестер құру және олардың құрамында сарапшылар ретінде тәжірибелі педагог, психолог, қазақ тілі мамандары міндетті түрде болуы мәселесін қарасын. Төртіншіден, отандық анимация мамандарының біліктілігін жетілдіру үшін оларды шетелдердегі жетекші анимациялық студияларда тағылымдамадан өткізу қажет. Бесіншіден, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамын анимациялық фильмдер өндірісіне қажетті осы заманғы техникалық жабдықтармен жабдықтау мәселесін қарау керек», - дейді Кәрібай Мұсырман.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар