Егер ол ерте дәуірде өмірге келсе, әулие не пайғамбар болар еді. Егер ол орта ғасырда туса, ілім иесі болар еді. Егер ол ХХІ ғасырда өмір сүрсе, қазақ технократиясының атасы һәм қазақтың Илон Маскі болар еді. Ол, Ақжан Жақсыбекұлы Машанов – Қазақ Ұлттық ғылым академиясы құрылтайшыларының бірі, геолог-академик, ғылымның жаңа саласы – геомеханиканың негізін салушы. Ол «Әлемнің екінші ұстазы» әл-Фарабидің қазақ топырағынан шыққанын дәлелдеген тұңғыш фарабитанушы. Ол – қазақ әдебиетіндегі алғашқы ғылыми фантастикалық кітаптың авторы.
Ғұламаның кіндік қаны Қарқаралыда тамыпты. Төрт сыныптық ауыл мектебін бітірген соң 1924 жылы Қарқаралыдағы педтехникумға түседі. Әлімхан Ермеков өзі ашқан бұл техникумға 1930-жылдары Ресей мен Украинадан жер аударылған профессорларды тартқан. Соның ішінде В.Колпыкин сынды зиялы ғалымның және Уфадағы «Ғалия» медресесінде Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовпен бірге оқыған Маннан Тұрғынбаев ұстазының шарапаты жас Ақжанға көп тиіпті.
Оқуға түскен соң бір жылдан кейін-ақ техникумның жақсы оқитын оқушыларын «саужой» - сауатсыздықты жою мектептеріне мұғалім етеді. Солардың қатарында Ақжан да өз ауылындағы ересектерге сабақ береді. Сауатты жасты Бүкілодақтық санаққа жұмсап, ел аралатады. 1929 жылы оқуын бітірген соң мұғалімдігімен қоса біраз уақыт Абыралы ауданында нұсқаушы болады. Бұл ашаршылық елді баудай түсіріп жатқан кез еді. Қазақтың соры ашылмаған аумалы-төкпелі тар кезеңнің қасіретін көзімен көреді. Семейдегі облыстық оқу бөлімінде инспектор болған кезінде Абыралыдағы балалар үйіндегі 200 жетімді аштықтан аман алып қалыпты. «Аштықтан қарысып қалған жағын аша алмай, қолындағы нанға қарап еңіреген балаларды көріп сай-сүйегім сырқырағаны-ай» деп еске алады кейін.
1934 жылы Алматыда Қазақ тау-кен металлургия институты ашылады (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университет). «Инженер болсаң кем болмайсың» деген Маннан ұстазының ақылымен осы оқу орнының алғашқы студентінің бірі атанады. Ол кезде бір ғана мамандық – геология-барлау факультеті болған екен. Математикаға үздік жігіт институтты да қызыл дипломмен бітіреді. Аспирантураға түсіп, институтта сабақ береді. Маркшейдерлікпен – жер геометриясы ғылымымен айналысады.
Ақжан Машанов 1943 жылы геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атағын қорғайды. КСРО Ғылым академиясының Қаныш Сәтбаев басқаратын Алматыдағы филиалында ғылыми қызмет атқарады және жаз сайын экспедицияларға шығады. Сол экспедицияларда жүріп, Ақжан Машанов 1939 жылы Ақбастау-Құсмұрын кен орнын ашады. Мұнда құрамында алтыны көп мыс колчеданы шығатын, «құпия» деп саналған кен орны жылына 1 тонна бағалы металл берген. Соғыс жылдарында А.Машанов Қаныш Сәтбаев, П.А.Рыжовпен бірге Қайрақты, Жосалы, Жәйрем және басқа көптеген кен орындарын ашуға қатысады.
А.Машанов 1946 жылы Мәскеуде мүйізі қарағайдай ғалымдардың алдында геология-минералогия ғылымының докторы атағын қорғайды. Ғалымдар оның еңбегіне оң баға береді. Бірақ Машановтың зерттеуі туралы дерек із-түзсіз жоғалады, монографиясына балта шабылады. Бұл «халық жауы» деп, озық ойлы ғалымдарды қудалау науқанының кесірі еді. Докторлықты қорғауды 1960-жылдары қайта қолға алады.
Соғыс жылдары ғалымдар Қаныш Сәтбаевтың маңайына топтасады. Осыны пайдаланып, Сәтбаев қазақ ғылым академиясын дербес мекеме ретінде ашуға кіріседі. Бұл үшін ғылыми дәрежесі бар ұлттық кадрлар болуы керек еді. Сөйтіп Сәтбаевпен бірге Ақжан Машанов Қазақ КСР ұлттық ғылым академиясын құрған құрылтайшылардың бірі болады. Ғалым ұлттық академияның аяғынан нық тұруына көп еңбек сіңіреді.
Сәтбаев ғылыми кеңестерді жиі өткізіп тұрады екен, 1943 жылы сондай бір жиында бұрынғы Чехословакия академиясының президенті, математика тарихын зерттеуші, соғыс кезінде Қазақстанға жер ауып келген Кольман баяндама жасап, «Сонау ерте ғасырда Еуропаға ғылымды әкелген Шығыс ғұламалары, соның ішінде кіндік Азиядан, қазіргі Қазақстаннан шыққан ғалымдар болатын» деп, әл-Фараби есімін де атайды.
Ақжан Машанидің әл-Фарабиді іздеуі осыдан басталады. Жиырма жылдық тынымсыз әрі қайсар еңбек нәтижесінде «екінші ұстаздың» еңбектерін жер-жерден жинайды. Ташкент, Қазан, Уфа қалаларының архивтері мен кітапханаларын аралайды. Өзі шетелге бару мүмкіндігі болмағандықтан, іссапармен бара жатқан таныс ғалымдарына тапсырма береді. Көрнекті ғалым Сайым Балмұханов Түркияға барған сапарында Машановтың өтінішімен әл-Фарабидің құнды еңбегінің бірін әкеп береді. Міне, осы дүниелерді Қаныш Сәтбаевтың алдына жайып салғанда ғалым: «Ақжан, мына сенің әл-Фарабиің қазақты дүние жүзіне танытқан жігіт қой!» деп таңғалып әрі қуанып, қолдау жасаған екен.
1961 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының №5 Хабаршысында А.Машановтың «Әл-Фараби еңбектері туралы» деген ғылыми мақаласы шығады. Бұл қазақ ғалымдары арасында әл-Фараби есімінің тұңғыш таныстырылуы еді.
Ал 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының №1 санында «Әбу Насыр әл-Фараби еңбегі – алғаш рет қазақ тілінде» деген А.Машани мақаласы жарқ етіп, бүкіл қазақ жұртынан сүйінші сұрайды. Мақала журналдың бас редакторы Камал Смайыловтың түсіндірме сөзімен шығады. Кеңестік қатал саясат кезінде бұл үлкен ерлік болатын.
Журналдың 40 мың оқырманы «Әлемнің екінші ұстазы» атанған адамның кіндік қаны қазақ топырағында тамғанын, қыпшақ баласы екенін, коммунистерге дейін де қазақта мәдениет болғанын осылай біледі.
Егер 3-4 жыл кешіккенде бүкіл түркіге ортақ Науаи, Бируни, Хорезми секілді әл-Фарабиді өзбек ағайындар еншілегендей екен. Ақжан Машанов кейбір әріптестерінен қолдау таппай, теперіш көріп жүргенде Ташкенттегі Шығыстану институтының директоры Мұзафар Хайруллаев Ақжан ағасынан алған мәліметтер негізінде докторлық диссертация қорғайды, ол тіпті Фарабиді өзбек етуге қызу кіріседі. Машаниді өздеріне шақырып, баба мұрасын зерттеуге бар жағдайды жасайтынын айтады.
Бұл әрекет әл-Фарабидің 1100 жылдығын Қазақстанда тойлау туралы ЮНЕСКО шешімі қабылданғанға дейін тыйылмаған екен. Бұған дейін Ақжан Жақсыбекұлы Ұстаз туралы 32 зерттеу, 2 монография, «Әл-Фараби» дейтін роман шығарып үлгерген. Сөйтіп үлкен еңбек пен қайтпас ерік-жігердің арқасында «Екінші Аристотель» қазақ елінің еншісінде қалады. Дамаскідегі (Сирия) ұстаз бейітіне белгі қойдыртқан да Машанов еді.
Ол кезде коммунистік партияда болу міндет. Машани да сол қатарда болған. Соған қарамастан ғалым бес уақыт намазын оқып, жұма күні мешіттен қылмайды екен. Бұл үшін де көп сергелдеңге түсіп, домалақ хаттардан тыным болмайды. Ақыры әбден зәрезап болған ғалым бас хатшы Дінмұхамед Қонаевтың өзіне барады. Бұрыннан таныстығы бар әрі ғалымды құрметтейтін ел басшысы «Қарттың мазасын алмаңдар. Зерттеуін жүргізе берсін» деп бір ауыз сөзімен қиянатты тыйыпты.
Ғылым мен өндірісті қатар алып жүрген Ақжан Жақсыбекұлы ЖОО-ға арналған оқулықтар жазып, геология ғылымын тұңғыш қазақша сөйлетті. В.Обручев сынды академиктердің геология туралы әйгілі еңбектерін аударған. Сол жылдары тұңғыш рет қазақ тілінде «геология», «тау-кен ісі», «маркшейдерия» мамандықтары бойынша оқулықтар мен сөздіктер жазды. Қазір де студенттер Ақжан Машанов жазған «Кристаллография, минералогия және петрография» (1969 ж.) оқулығын пайдаланады. Ақжан Машанидың кез келген еңбегі бүгінгі ұрпаққа өте қажет құнды дүние.
1940 жылдары жазылған «Таулар қалай құрылған», «Жер сыры», «Тіршіліктің шығуы және дамуы», «Жер астына саяхат», «Жер сілкінісі», «Ғажайып от ошағында», «Космос және космология» және т.б. кітаптары бар. Бұл кітаптардың тілі өте жатық, шебер, көркем, қызғылықты оқылады. Балалар мен жастарға таптырмас танымдық кітаптар. Мысалы, 1948-жылы шыққан «Жер сыры» деген кітабында жердің жаралуынан бастап, қазақ жеріндегі қазба байлықтардың сырын шертеді. Кітапта ертегі де, миф те, әдемі мақал-мәтел де тұнып тұр. Қазақстанның көрікті жерлері де сипатталады. Фильмнің немесе мультфильмнің дайын сценарийі. Өкінішке қарай, бұл кітаптар қазір елеусіз қалды, көптеген жылдар бойы қайта басылып шықпады. Бұл құнды рухани қазынаны Қаныш Сәтбаев құрған Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорының сөрелерінен табуға болады.
Ғалымның тәуелсіздік алғаннан кейін де еңбегі елене қойды деу қиын. 1996 жылы Ұлттық ғылым академиясының 50 жылдығына арналған салтанатты кешке сол кездегі басшылар Ақжан Машановты шақыруды қажет деп таппапты. Ғылым ордасын өз қолымен құруға қатысқан ақсақалға осындай қиянат жасалған. Талай қолжазбасы кітап болып шықпай жатып жоғалған. Орысша жазылған «Аналогия циклов» деген еңбегі сол кездегі шолақ ойлы басшылардың кесірінен жоғалып кетеді. «Әл-Фараби және Абай» деген зерттеуінің толық нұсқасы да соның кебін киеді. Абайдың 1995 жылы тойланған 150 жылдық тойында бұл еңбек өзінде қалған қысқартылған нұсқасымен шығады. Оның өзіне қағаз табылмай, әупірімдеп басылады. Бұл әл-Фараби мен Абай сынды данышпан ойшылдарды сабақтастыра зерттеген кемел ойлы ғалым-абайтанушының еңбегін елемеу еді.
ҚазҰТУ-дің 70 жылдығы қарсаңында шәкірті, машанитанушы ғалым Шәмшиден Әбдіраманов Машановтың «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым» деген кітабын шығармақ болады, бірақ тағы да институт тарапынан салғырт көзқарас кедергі жасайды. Осындай қысылтаяңда белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлы үлкен азаматтық танытып, жетпей тұрған қаржыны өз қалтасынан төлеп, кітапты баспадан шығартқан екен.
Сәтбаев атындағы университеттің кейінгі басшылары Машанов атындағы ғылыми орталықты да жауып тастаған. Енді ұлтжанды басшылар келіп, осы үлкен қателікті түзейді деген сенім бар.
ХХ ғасырдағы қазақ ғұламасының еңбегі де, артында қалған мұрасы мол. Өмірі, шыққан тегі де үлгі-өнеге. Ғалымның арғы атасы Тоты баба елге мәшһүр тұлға болған. Ол жайында тарихшы Жамбыл Артыкбаевтың зерттеулері бар. Ал атасы Машан би Құнанбаймен үзеңгілес би болған, ел арасында әділеттілігі мен мәмілегерлігі үшін «жарастырушы би» атаныпты. Ақжан Жақсыбекұлының немере ағасы Нөгербек Шәкәрім Құдайбердіұлымен дос, пікірлес болған. Ол әйгілі Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлымен бастауыш мектепте бірге оқыған. Кейінірек бір кездескенде Бөкейханұлы: «Әй, Нөгербек, сен білім алуың керек еді ғой, бізге қарағанда зерек те алғыр едің» деген екен. Бұдан асқан баға бар ма. Бала Ақжанға осы Нөгербек ағасының ықпалы көп тиіпті. Жасынан Абай мен Шәкәрімнің өлеңін жаттап өскен Ақжан Машановтың абайтанушы болуы заңдылық.
Ғұлама 90 жастан асқанша қаламы мен дәптерін қолынан тастамады. Іске асырғысы келген арман-мақсаты көп еді. Әл-Машани «Қазақстанда әл-Фараби музейі» болса деп армандап кетіпті. Музейдің концепциясын да жазып берген екен. Өкінішке қарай, елеусіз қалған сыңайлы. (Отырардағы музейдің жөні бөлек). Ғұлама әл- Машани 1997 жылы 91 жасында дүние салған. Алматыда, Кеңсайда жерленген.
Тәуелсіз елді әлемге танытудың жолы ғылым мен білім және оның негізін салған адамдарды ұлықтау деп білген ұстаз Ақжан әл-Машани туралы бірер сөздің реті осындай. Бүкіл ғұмырын қазақ ғылымына арнаған әз тұлғаны қалай дәріптесе де лайық. Өкінішке қарай бұл жағы әзірше кемшін қалған. Ақжан Машановтың атында бір де бір мектеп жоқ.
Алдыңғы буын қазақ технарьларының ұстазы, қазақ ғылымында бүтін бір ғылыми мектеп қалыптастырған Ақжан Жақсыбекұлы Машани атында техникалық бағыттағы интеллектуалдық мектептер ашу қажет. Қазіргі жастар осындай технократ тұлғаны біліп өссе, ғылыми мұрасын кәдеге жаратса, сол секілді болуға ұмтылса нұр үстіне нұр емес пе?!
Дина ИМАМБАЙ