01 нау, 2026 сағат 12:36

Осы уақытқа дейінгі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы туралы негізгі мәліметтер

Фото: ашық дереккөз

28 ақпан таңертең Израиль АҚШ-пен бірлесіп Иранға қарсы «Арыстанның айбаты» (америкалық атауы — «Эпикалық қаһар») атты әскери операция бастады.

АҚШ президенті Дональд Трамп операцияның басты мақсаттарын атады: Иранда билікті өзгерту, Тегеранның ядролық қару алуына жол бермеу және елдің әскери әлеуетін жою.

Операция барысында 86 жастағы Иранның жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеи қаза тапты. Ол 1994 жылдан бері ұлы аятолла титулын иеленген. Оның резиденциясы толықтай қиратылған. Израильдің «12-арнасы» кешенге 30 бомба тасталғанын хабарлады.

Сондай-ақ Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Мохаммед Пакпур, қорғаныс министрі Азиз Насирзаде, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Шамхани, тағы төрт жоғары лауазымды әскери шенеунік және Хаменейдің бірнеше туысы қаза тапқаны хабарланды.

Дональд Трамптың айтуынша, Иран билігі ядролық келісімге жақын қалған, алайда кейін «шегінген». Осыдан кейін Вашингтон Тегеран «келісімге мүдделі емес» деген қорытынды жасаған.

Әуе соққыларына Израиль әскери-әуе күштерінің 200-ден астам ұшағы қатысқан — бұл Израиль авиациясы тарихындағы ең ауқымды операция саналады. АҚШ соққыларды, соның ішінде аймаққа соңғы айларда жіберілген кемелерден ұшырылған Tomahawk зымырандарымен жасаған.

Израиль соққысы салдарынан Ирандағы қыздарға арналған бастауыш мектеп қираған. Fars агенттігінің соңғы дерегіне сәйкес, 115 адам қаза тапқан. Қызыл Жарты ай ұйымы Tasnim агенттігіне Иранда соққылардан 201 адам қаза тауып, 747 адам жараланғанын мәлімдеген.

Израильде ирандық соққылар нәтижесінде бір адам қаза тауып, 120-дан астам адам зардап шеккенін CNN хабарлады. Иран Кувейтте, Ирактың солтүстігінде және Сауд Арабиясында орналасқан АҚШ әскери базаларына шабуыл жасаған. Сондай-ақ Катардағы АҚШ әуе базасына және Дубайдағы ЦРУ штаб-пәтеріне соққы жасалғаны белгілі. Бахрейнде де Иран шабуылы туралы мәлімделді. Катарда зымыран сынықтарынан 16 адам жараланған. Дубайда соққылардан кейін әуежайдың төрт қызметкері зардап шеккен.

Мұнай тасымалына да әсері байқалды: кеме қатынасына тыйым салынды деген хабарлардан кейін танкерлер Ормуз бұғазы арқылы өтуден бас тарта бастаған.