Фото: nikopol.informator.ua
Шымкентте 75 жастағы азаматтан сібір жарасы анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Алдын ала болжам бойынша, инфекцияны базардан сатып алған еттен жұқтыруы мүмкін. Мәліметтерге сүйенсек, күдікті кәсіпкер алты бас ірі қараны сойып, етін қаладағы сауда орындарына таратқан. Алайда ол өзіне тиесілі мал бордақылау алаңын тексеру үшін құзырлы органдарды кіргізбей отырған көрінеді.
Ал мамандар індеттің таралу жолын анықтауға кіріскен. Бүгінде науқас ауруханада, дәрігерлердің бақылауында жатыр.
"Науқас стационарға түскен сәттен бастап толық көлемде тексеруден өткізіліп, қажетті зертханалық және аспаптық зерттеулер тағайындалды. Зерттеу нәтижелері бойынша инфекциялық ауру диагнозы расталды. Қазіргі таңда емдеу бекітілген клиникалық хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр", – деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
