Жолаушылар пойызында тағы бір нәресте дүниеге келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Жолаушылар тасымалы» компаниясына сілтеме жасап.
Кеше №351 «Өскемен - Алматы» бағыты бойынша қатынайтын жолаушылар пойызында нәресте дүние есігін ашты. Виктория Марочкина бойы - 46 см, ал салмағы - 2,7 келі болатын ұл баланы дүниеге әкелді.
«Сапар барысында жолаушы толғата бастады. Пойыз басшысы жақын маңда орналасқан Жарма стансасына жедел жәрдем шақыртты. Бірақ Виктория Марочкина стансаға жетпей, жолсеріктер және пойызда келе жатқан дәрігердің көмегімен аман-есен босанды. Балаға Матвей деген есім беріліп, ол анасымен бірге Жармадағы перинаталды орталыққа жеткізілді» делінген хабарламада.
Ал нәрестенің әкесі Валера телефон арқылы осы қуанышты жағдайға атсалысқан барша азаматтарға шексіз алғысын айтты.