11 қыр, 2020 сағат 14:38

Оразкүл Асанғазы алдағы оқу жылын жаңаша бастауды ұсынды

Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы ұлттық тәрбие беру мен отбасы құндылықтарын дамыту мәселелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында «2020 жылы мектеп оқушылары 100 пайыз қазақ тілін меңгереді» деген еді. Ешкімді сынаудан аулақпын. Алайда, осы «дөңгелек үстелге» Білім және ғылым министрлігінен келіп отырған өкілге өтініш: алдағы оқу жылын жаңаша бастасаңыздар. Аралас мектептерді қазақ мектептеріне айналдыру үшін не істедіңіздер? Қоғамдағы «қазақ мектебіндегі балалардың білімі төмен» деген түсініктің жалған екенін анық білемін. Мысалы елордадағы «Дарын» мектебін бітірген 45 баланың 43-і грантқа түсті. Неге біз осыны айтпаймыз?», - деп сауал тастады Оразкүл Асанғазы «Отбасы күні» аясында ұлттық тәрбие беру мен отбасы құндылықтарын дамыту мәселелері талқыланған дөңгелек үстел отырысында. 

Оның айтуынша, елордада осыдан бірнеше жыл бұрын 14 көрсеткіш бойынша астанадағы үздік 10 мектеп анықталған. Сол білім ордаларының тоғызы – қазақ мектептері болып шықты. 

«Неге білім басқармалары осы көрсеткіштерді газеттерге жазбайды, насихаттамайды? Қазақ тілін насихаттау бағытында да қазақ газеттері ондаған материал жарияласа, орыс тіліндегі басылымдар бір-екеуден аспайды. Совет өкіметі ақымақ болған жоқ. Алматыда, Шымкентте және Целиноградта бір ғана қазақ мектептен болған. Мақұл, қаланың төрт бұрышына төрт орыс мектебін қалдырайық та, қалғанының бәрін қазақ мектептері ету керек. Ол үшін мектептер ата-аналармен жұмыс істеуі тиіс. «Бәрі отбасына байланысты» дейміз. Бірақ отбасыны, адамды кім тәрбиелейді? Ұстаз! Ұстаз өзінің білімінің жоғары екенін ата-ананың алдында дәлелдеуі тиіс. Қазақ тілінің ұлтаралық тілге айналуы үшін бірде-бір қадам жасамай отырған мектептер бар. 50 топта бірде-бір қазақ тобы жоқ колледждер бар. Сондықтан Білім және ғылым министрлігінен өтініп сұрайтыным: тілді жолға қою үшін тиісті бұйрық шығару керек. Орыстілді де, аралас мектептің де директоры қазақша білуі керек. Баяғыда біздің тұста орысша білмеген адамға қызмет бермей қойған. Сондықтан орыс мектептерін аралас, ал аралас мектептерді қазақ мектептеріне айналдыруымыз керек», - деп пікірін білдірді қоғам қайраткері.