27 сәу, 2020 сағат 20:03

Оралда ертеңнен бастап қоғамдық көліктер жүре бастайды

Оралда қоғамдық көліктер 28 сәуірден бастап қайта жүретін болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде де карантиндік шектеу шараларын жеңілдету жұмыстары қолға алынды. 

Барлық бағыттағы автобустар таңғы 06.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қатынайды. Тек қоғамдық көлік иелері мен жүргізушілер санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.

Әкімнің сөзіне қарағанда, көктемгі егу маусымы басталғандықтан, тұрғындар арасында саяжаяға бару мәселесі жиі қозғалып келеді. Күні бүгін қалада 176 бау-бақша серіктестігі болса, соның 150-ден астамы жұмыс істейді. Саяжайларда 18 мыңнан астам адам тұрақты тұрып жатыр. 

Бұған дейін саяжайларға сенбі және жексенбі күндері ғана баруға рұқсат етілген болатын. Енді 28 сәуірден бастап кестеге өзгеріс енгізіледі. Қалада қозғалыс жиілігін сақтау үшін мемлекеттік нөмірі тақ санмен басталатын автокөліктер сәрсенбі, жұма, жексенбі, жұп санмен басталатын көліктер сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері саяжайға барып, сағат 09.00-ден кешкі 19.00-ге дейін бола алады. Олардың қолында тиісті құжаттары болуы тиіс. Көлікте жүргізушіден басқа ересек үш адамнан артық болмауы керек. Балалар да жол қозғалысы ережелеріне сай отыруы қажет.

Оған қоса жасы 65-тен асқан азаматтарға саяжайға баруға рұқсат етіледі. Әйтсе де саяжайларда бөгде адамдардың қатысуымен көпшілік шараларды ұйымдастыруға, жер қопсытуды қоспағанда, жалдамалы жұмысшыларды тартуға тыйым салынады. 

Қала басшысының айтуынша, облыстағы ірі өндіріс орындары мен зауыттар, мемлекеттік бағдарламалар бойынша тапсырысқа сәйкес жұмыс жасайтын кәсіпорындар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмыстарын жалғастырады.

Сондай-ақ 28 сәуірден бастап автокөлікке қызмет көрсететін, жанар-жағар май құю стансалары, қосалқы бөлшек сататын, химиялық тазалау, ұйымдастыру техникасын жөндеу орындары ашылады. Басқа кәсіпорындар да кезең-кезеңмен қызметіне кірісетін болады. 

«Қалада тұрғындарға үйлерінен алыстамай, серуендеуіне болады. Бұл ретте жеке қорғаныс құралдарын ұмытпай, құжаттарын өздерімен бірге алып жүру керек. Үш адамнан артық жиналуға болмайды. Балалар ересектермен бірге болуы қажет. Серуендеген кезде 2 метр қашықтықты сақтау керек», деді Абат Шыныбеков.