14 мам, 2020 сағат 14:44

Оралда «Абай» маневрлік тұрақтау пункті суға түсірілді

Бүгін Орал қаласындағы Шаған өзенінде «Абай» маневрлік тұрақтау пункті суға түсірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев осы ерекше кемені бір жылда құрастырып шығарған «Орал «Зенит» зауыты» АҚ ұжымының еңбегін атап өтті.

«Еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту бағытында су ығыстырылымы 500 тоннадан асатын маневрлік тұрақтау пунктінің маңызы зор. Бұл Каспий теңізінде кемелер мен катерлердің қызметін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сол себепті зауыт ұжымына, осы кәсіпорынды отыз жылдан астам уақыт бойы басқарып келе жатқан Вячеслав Валиевке алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда зауытта 900-дей жұмысшы болса, соның 150-дейі – жас мамандар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары мұнда төрт мыңдай адамның еңбек еткені белгілі. Алдағы уақытта жұмысшы-қызметкерлердің қатары толыға түседі деп сенеміз. Биыл Үкімет тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесінде тек «Зенит» зауыты ғана емес, сондай-ақ «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстар алды. Бұл – үлкен көмек», деді өңір басшысы.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Айдар Аймурзиннің айтуынша, бұдан бұрын зауыт шығарған 30 катер, кемелер Каспий теңізінде өз қызметтерін мүлтіксіз атқарып келеді. Биылдың өзінде төрт айдың ішінде солардың қатысымен 41 кемедегі заңбұзушылық анықталды. Табиғатқа 1 млрд астам теңгенің залалын келтірудің жолы кесілді. Егер бұрын кемелер сенімділігімен, жылдамдығымен ерекшеленсе, енді олар арнайы тұраққа қол жеткізді. Көп ұзамай Көрік елді мекенінде орын тебетін маневрлік тұрақтау пункті кемелерді жанар-жағар маймен, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жүзе алатын пункт зәкірмен теңізге де орналаса алады.

«Бұл тұрақтау пунктіне Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ақынның есімін беру ұйғарылды», деді А.Аймурзин. 

«Зенит» зауытының директоры Вячеслав Валиев кәсіпорында сондай-ақ «Қайсар» және «Айбар» деп аталатын катерлердің құрастырылып жатқанын да жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Зенит» зауытының бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын екендігін жазған болатынбыз.