20 сәу, 2020 сағат 18:55

Оралда 10 гектар жердің шөбі өртенді

Оралда 10 гектар жердің шөбі өртенді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО ТЖ департаменті зілзаланың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, оқиға 20 сәуір күні жергілікті сағат 13.24-те қалаға қарасты Коминтерн кенті ауданында орын алды.

Құрғақ шөпке қоса қамыс пен бұталар да отқа оранды.

«Тілсіз жауды» ауыздықтауға 4 техника, 14 адам жұмылдырылды.

Қара түтіні будақтап, айналаға тарап, қала тұрғындарының алаңдаушылығын туғызған өрт сағат 17.32-де сөндірілді.

Биыл облыста жыл басынан бері жалпы көлемі 909 га жерде 89 табиғи жану тіркелді.

«Жазғытұрым тұрғындар қураған шөпті өртейді. Кейде алау жағу мен отпен абай болмау, темекіні сөндірмеудің соңы өртке ұласады. Осының басым көпшілігі адамдарға байланысты. Қазіргідей күрделі уақытта адамдардың үйде отырғаны маңызды. Егер өрттің шығуына кінәлілер анықталатын болса, оларға төтенше жағдай талабына сәйкес ең қатаң әкімшілік шара қолданылатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Е.Төрегелдиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 9 гектар жердің құрғақ шөбі өртенгенін жазған болатынбыз.