Бүгінде елімізде онлайн санақ өтіп жатыр. ҚР Ұлттық статистиканың бүгін берген мәліметіне сәйкес 2 млн-нан астам қазақстандық санақтан онлайн өтті. Осы орайда санаққа қатысушы нені білуі керек және сұрақ туындағанда қайда хабарласуға болады? Аталған сауалдарға «Халық санағы-2021» ресми өкілі. Олжас Сайлаубекұлы жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Онлайн санақтан өткенде қатысушы өзімен қатар отбасы мүшелерін де тіркей алады. Яғни отбасының әр мүшесінің жеке тіркелуінің қажеті жоқ. Бұл ыңғайлы әрі көп уақыт алмайды. Бүкіл отбасы мүшелеріне қатысты тиісті мәліметтерді тіркеген соң санақтың қорытындысы хабарлама түрінде келеді. Бүгінде онлайн санақ қарқынды түрде жүріп жатыр және ешқандай заң бұзушылық оқиғасы тіркелген емес», - деді Олжас Сайлаубекұлы.
Оның айтуынша, 1 қазаннан бастап санақ жұмысына интервьюерлер кіріседі.
«Бізде 1446 байланыс орталығы жұмыс істейді. Азаматтар Call орталыққа хабарласып өзін толғандырған сұрақтарға жауап алады. Хабарласу тегін және орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Орталыққа осы уақытқа дейін хабарласқан азаматтар көбінесе онлайн санақтан өту процесі мен тіркелуге қатысты сұрайды. Өз кезегінде біздің мамандар барлық сұрақтарға жауап береді», - дейді ол.
Сондай-ақ, ресми өкіл санақ сауалнамасына тоқталып өтті. Мәлімдеуінше ондағы сұрақтар халық талқысынан өткен.
«Сұрақтар елімізде 2009 жылы өткен санақ сауалнамасының негізінде құрастырылды. Сондай-ақ, оның ішінде мемлекеттік құзырлы органдардың ұсынысы бойынша енгізілген сұрақтар да бар. Одан бөлек, халықаралық ұйымдардың да пікір, ұсынысы ескерілді. Атап айтқанда, Еуропалық статистер конференциясы және Вашингтон тобы секілді сырт ұйымдар. Сонымен қатар биылғы онлайн санақтың сауалдары Ашық НҚА алаңына жарияланып, халық талқысынан өтіп, мемлекеттік органдармен келісілген», - деді О. Сайлаубекұлы.