27 қаз, 2020 сағат 16:55

Өңірлік ішкі саясат басқармаларының қызметкерлеріне арналған онлайн семинар басталды

Республиканың барлық өңірлерінен келген ішкі саясат басқармаларының 70-тен астам қызметкері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің азаматтық қоғам істері комитеті ұйымдастырған білім-практикалық бағдарламасына қатысуға ниет білдірді.

Семинардың негізгі мақсаты - кәсіби дағдыларды дамыту және азаматтық қоғам саласында тиімді ынтымақтастық механизмдерін әзірлеу.

Семинар бағдарламасы 4 күнге жоспарланған. Бірінші күн - қоғаммен тиімді коммуникация бойынша жұмысты ұйымдастыруға арналған. Спикерлер ретінде «Red Point Kazakhstan» Маркетингтік коммуникациялар сервисінің негізін қалаушы және бас директоры Әсел Қожақова және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің штаттан тыс кеңесшісі Лима Диас сөз сөйледі.

Қатысушылар семинардың мемлекеттік орган қызметкерлерінің кәсіби және практикалық дағдыларын жетілдіруде маңызы бар екенін атап өтті.

«Бұл өте пайдалы ақпараттық семинар болды. Коммуникациялар - тек пресс-релиздер мен бейнелер ғана емес. Бұл көп қырлы және күрделі қатынастар жүйесі. Бұл туралы спикерлер өз сөздерінде айтып кетті. Мұндай семинарлар тек ішкі саясат басқармалары үшін ғана емес, халықпен өзара қарым - қатынас орнатуы тиіс барлық мемлекеттік мекемелер үшін де қажет деп санаймын», - деді Қостанай облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Динара Қарымсақова.

Бұдан әрі «Азаматтық қоғам институттарымен (естуші мемлекет) тиімді өзара іс-әрекет», «Конфликтология. Әлеуметтік жанжалдарды шешу», «Мемлекеттік арнайы тапсырысты қаржыландыру механизмдері және ҮЕҰ үшін гранттар» тақырыптары қозғалатын болады.

Спикерлер ретінде коммуникация және азаматтық қоғам саласындағы белгілі сарапшылар шақырылды. Атап айтқанда, «Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Джамила Асанова, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, кәсіби медиатор, конфликтолог Ширин Оразбаева, «КАМЕДА» ҚҚ атқарушы директоры Махаббат Еспенова және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрайымы Батима Мукина шақырылды.

Семинарлар ішкі саясат басқармаларының мамандарына коммуникациялық менеджменттің, болжаудың, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудің және әлеуметтік-саяси жанжалдардың алдын алудың, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының теориялық және практикалық шараларымен танысуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, онлайн-семинар 2020 жылдың 27-30 қазан аралығында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың өңірлік ішкі саясат басқармалары қызметкерлерінің қатысуымен өтеді.