Онлайн/офлайн форматтарда «өңірлердегі министрлік күндері» ұйымдастырылады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттің негізгі идеологиялық органдарының бірі ретінде біздің министрлікке жүктелетін міндеттердің орны ерекше. Ведомство тікелей жауап беретін екі үлкен бағыт: ақпараттық саясат пен қоғамдық қатынастар. Екеуі де ел Президенті ерекше сеніп тапсырған, жауапкершілігі мол сан түрлі саладан тұрады. Ең бастысы – елдің рухани кемелдігі мен саяси тұрақтылығы, қоғамдық берекесі мен бастаған ісінің баяндылығы көп жағдайда осы біздің министрліктің жұмысына байланысты. Бұл жауапкершілікті біз жақсы түсінеміз, салмағын сезінеміз», - деді А. Балаева министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Осы орайда ол алдағы аптадан бастап қандай іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты.
«Десе де, бұл туралы халықтың, әсіресе, өңірлердегі жұртшылықтың кеңінен біліп, бар мәселемен бөліскені дұрыс. Сол себепті, келесі аптадан бастап ел алдына шығып, онлайн/офлайн форматтарда «өңірлердегі министрлік күндерін» ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», - деді ведомство басшысы.
«Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын қалыптастыру – әрбір мемлекеттік органның тікелей міндеті. Әрине, бұл концепция мемлекет тек «тыңдаушы» ғана емес, қажет ақпаратқа жалпақ жұрттың қолын жеткізіп, әрдайым өзара байланыста болуды көздейді. Бұның бәрі, сөз жоқ, халыққа бір табан жақындауда 2020 жылға беретін оң баға деп білемін», - деді Балаева.