Өңірімізде сан ғасырдың тарихынан сыр шертетін көне қорымдар жетерлік. Шілікті мен Берелдің ғана ептеп сырын ұққандай болдық. Ал басқа қорымдар бар құпиясын бойына жасырған күйі әлі тұр. Сол жұмбақ әлемнің түйінін шешіп, болашақ ұрпаққа баба тарихын түгендеп беру мақсатында өткен жылдан бастап облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тікелей бастамасымен бірнеше қорым жүйелі түрде зерттеле бастады. Айталық, Абай өңіріндегі Қырықүңгір, Тарбағатайдағы Елеке сазы, Зайсандағы Шілікті, Ұлан жеріндегі Ақбауыр, Катонқарағай өңіріндегі Берел сынды қорымдарды өткен жылы археологтар жаз бойы зерттеді. Осы зерттеушілердің бел ортасында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың жанынан құрылған Алтайтану орталығының қызметкерлері жүрді.
Түркілер қытайларды күң еткен бе?
Тарих факультетінің студенттерінен құрам тапқан бұл зерттеу орталығында Зейнолла Самашев, Елдос Кариев сынды білікті мамандар жұмыс істейді. Елдос Кариев 2015 жылы келген бұл ұжымға. Әлкей Марғұлан атындағы ғылыми зерттеу институтында қызмет істеген ол бұл өңірге келгелі біраз ауқымды шаруалардың басын қайырды.
Өткен жылы облыс әкімінің бағдарламасымен Берел қорғанына барған олар көне түрік дәуірінің ескерткіштерін зерделеген. Археологиялық институттың астаналық филиалы және Берел қорық мұражаймен тізе қоса қызмет істеген олар бірнеше қорымның бетін ашыпты. Айталық, №82, №82а, №82б, №82с және №79 қорымнан бабамыздың бағзы мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің айқын белгілерін аңғарған. Бұрын зерттелген қорымдардың жақын маңынан байқалған бұл ескерткіштердің бір қуанарлығы – бұл күнге аман жеткендігі. Жер бетінің жадағайланып кетуіне байланысты, тонаушылар аталмыш қорымдарды байқай қоймаған. Нәтижесінде зерттелген нысандардың көбі өз нәтижесін беріп отыр. Оның ішінде ең негізгісі – 30-40 жас шамасындағы көне түрік сардары. Елдос Мақсатұлының айтуынша, бұл өз кезінде даңқы асқан қолбасшы болмаса да, бірге жерленген қанжар, кездіктерінен өз ортасына беделді азаматтардың бірі болғанын аңғаруға болады. Қасындағы бір қорымнан әлгі батырдың ауыздығымен жерленген аты табылған. Домалақ пішінді ауыздықтардың бүгінгі таңдағы ауыздықтардан көп айырмашылығы жоқ көрінеді. Біздің дәуірімізге дейінгі 6-5 ғасырларда кең таралған аталмыш бұйым көне сақ дәуірінде үзеңгі тәріздес болыпты. Тарихшыларды таңғалдырып отырған тағы бір қызықты жайт, ол табылған қорымдардың қасындағы бір қабірдің бос шығып отырғаны. Олар, бұл бос қорымдар құрбандық шалатын орын деп межелеп отыр. Айталық, бүгінгі таңда ислам дінінің кейбір ағымдары мойындай бермейтін қайтыс болған кісінің жылдық, қырық күндік, жетілік нәзір-шырақтары сол кезден қалыптасқан. Осы шараларға байланысты қабірдің жақын маңынан ор қазылып, құрбандық малдарды сонда бауыздап отырған деседі. Өйткені, бұл жерден ешқандай малдың сүйектері табылмаған.
Осы қорымдардан сәл қашықтау жерден тас жәшіктегі мүрде табылыпты. Белгілі археолог Зейнолла Самашев бұл жердегі әйел адамды жаңағы сарбаздың күңі болуы керек деп топшылаған. Себебі, егер бұл әйел сарбаздың жақын туысы немесе жары болса қатар жерленетінін айтады. Кейбір зерттеушілер бұл жас қызды жерлеу салты мен дене бітіміне қарап қытай ұлтынан деген ой айтады. Яғни сарбаз қайтыс болғанда жорықтағы олжасын бірге жерлеген. Бұл кейінірек жерленген басқа мәдениеттің адамдары деп топшылайтындар да жоқ емес.
Орталық жаңа технологиямен жабдықталған
Алтайтану орталғы биыл да археологиялық зерттеу жұмыстарына білек сыбанып, тас-түйін дайын отыр. Тек бірнеше жоба комиссия мақұлдауынан өтсе болғаны. Ұлан, Глубокое, Шемонайха, Бородулиха сынды төрт ауданның төңірегіндегі тас дәуірінен орта ғасырға дейінгі тарихи жерлерді түгендеп, ескерткіштердің толықтай картасын жасап шықпақшы. Бұл еңбек өткен дәуірдің құнды жәдігерлері болашаққа аман жетуге көп көмегін тигізетінін айтады мамандар.
– Елімізде ескерткіштерді қорғау туралы заң бар. Алайда, бұл күнде ақша табуды көздеген кейбір адамдар қабірлерді трактормен қазып жүр. Сондай-ақ, белгілі бір жерде құрылыс жұмысы жүру үшін алдымен міндетті түрде археологиялық сараптама жүргізілуі керек. Өкінішке қарай бұл заң қағаз жүзінде қалып келеді, – деп қынжылады Елдос Кариев.
Егер тарихи ескерткіштердің картасын жасап қойса, құнды мұраның қорғалуы да арта түсетіні анық.
Облыс әкімі мен университет басшылығынан қомақты қолдау көрген Алтайтану орталығы қазірге дейін материалдық базасын айтарлықтай жаңартып алған.
Аталмыш орталықтың зерттеушілері бұрындары күрделі жерлерді жанын шүберекке түйіп араласа, енді құз-қия мен терең шатқалдардағы, сазды алқаптардағы межелі жерін ұшпалы камерамен-ақ анықтай алады. Аспанға бір көтерілген жарты сағаттың ішінде бес шақырым аумақтағы дүниені жадына жазатын бұл камера қазір, екінің бірінің қолында жүрген жоқ. Тіпті, республикалық деңгейдегі ғылыми орталықтардың өзі қол жеткізе алмай отырған көрінеді.
Бұл орталық жуықта тағы бір бағалы апарат алғалы отыр. Бұрын әскери салада істетілген құрылғы қазір археология мамандары үшін таптырмайтын дүние. Жеті қат жер астындағы дүниені сәулемен анықтап беретін бұл аспаптың бағасына кез келгеннің қолы жете бермейтін көрінеді.
– Археологиялық жұмыстардың ең бір күрделі тұсы – біз не қазып жатқанымызды өзіміз де білмейміз. Бір жобаға көптеген қаржы құйып, бір жерді қазамыз. Бірақ одан ештеңе де шықпай, салынған қаржы желге ұшуы мүмкін. Бұл апарат сондай олқылықтардың орнын толтырады, – дейді Елдос Мақсатұлы.
Өңіріміздегі өткен жылдан бері қазба жұмыстармен айналысып келе жатқан басқа зерттеуші топтар да қазір бұл құрылғыға таласа-тармаса құда түсуде. Демек, Алтайтану орталығы өз бағдарламаларынан бөлек, басқа аудандағы зерттеушілермен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді деген сөз. Бұл тәжірибе жинақтайтын студенттер үшін де таптырмайтын мүмкіндік. Елдос Мақсатұлы студенттермен қатар зерттеу жұмыстарына оқушыларды да қатыстырса деген ойын айтады. Яғни, зерттеу жұмыстары оқушылардың жазғы демалыс күндеріне тура келеді. Сол кезде арнайы зерттеу нысандарында жүрген архелогтарға оқушыларды апарып, көшпенді елдің көрнекі мәдениетін кең сахара төсінде таныстырса. Бұл жоба оқушылардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін оятып, тарихқа қызығушылығын тудыратынын айтады ол.
Өңірдің өзгеше тарихын зерделеп, ұлттың ұлы болмысын ұрпақ жадына сіңірсем деп жар құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтың жұмысы шынында кісі қуантарлық.
Мұратхан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы