09 жел, 2019 сағат 14:14

Омскіде «Қазақфильм» туындылары көрсетіледі

16 желтоқсан күні Ресейдің Омск қаласында Қазақстан киносы фестивалі аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ туындылары көрсетіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, «Вавилон» кино орталығында Ақан Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» картинасы және режиссер Адай Әбілдиновтің «Күлтегін» толықметражды анимациялық фильмі көрсетіледі.

«Елбасы жолы. Астана» фильміне елордамыздың салыну тарихы арқау болған. Оқиға 1994 жылдың шілде айынан бастау алады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның тәуелсіз дара жолы басталады.

Ал «Күлтегін» тарихи анимациялық фильмі көшпенді халықтардың басын біріктіріп, көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің балалық шағы туралы баяндайды.

«Айта кетсек, 2020 жылдың қаңтар айында өтетін Омск қаласындағы Қазақстан киносы фестивалі шеңберінде «Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи фильмінің орыс тілінде титрлері бар нұсқасы көрсетіледі. Бұл туындың режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сценарист әрі суретші Рүстем Әбдірашев»,- деп хабарлады «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінен.

Бұл ауқымды тарихи фильм Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының негізінде жазылған «Қазақ хандығы» кинодиологиясының бірінші бөлімі. Естеріңізге сала кетсек, бұл фильм 15-ғасырда Қазақ хандығының құрылу тарихы туралы баяндайды. Жобаның идея авторы – ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Фестиваль аясында көрсетілетін туындыларды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген.