Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Төлеби ауданына барып, ондағы өнеркәсіп саласындағы ірі жобалардың бірі «Ленгір машина жасау зауытында» болды. Мұнда машина жасау өнеркәсібіне қажетті құрылыс, темір өнімдері мен бөлшектері шығарылмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған зауыт тапсырыс болған жағдайда тіпті пойыз вагондары мен бөлшектерін жасап шығара алады. Бұл жобаға 3-3,5 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Жалпы өндірістік аумағы 13 мың шаршы метрден асатын кәсіпорында толықтай қайта құру мен жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда отандық шикізат пайдаланылып, өндірілген өнімдерді еліміздің ішкі нарығына шығару жоспарлануда. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындары ашылып, 150 адамды жұмыспен қамту көзделген. Тоқырау кезінде қараусыз қалған машина жасау зауыты қайта жанданып, биыл іске қосылады деп жоспарланған.
Аймақ басшысы сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалармен де танысты. Аудан орталығындағы «Жастық» стадионында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ауданда бүгінде білім ұялары жаңартылып, 20 пәтерлі 9 тұрғын үй бой көтерген. Облыс басшысын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы орай Төлеби ауданының орталығында орнатылатын ескерткіш жобасымен таныстырды. Биіктігі 3,5 метр мыстан құйылған ескерткіш демеушілер тарапынан жүзеге асуда. Ұлы ойшылдың мүсіні жаңадан бой көтеретін Абай аллеясында орнатылмақ. Бұдан өзге, ауданда демеушілер есебінен тарихи тұлға Төле бидің 7 метрге жететін еңселі ескерткіші бой көтермек. Баба мүсіні Төлеби ауданының ең көрікті жерлерінің біріне айналмақ.
Өмірзақ Естайұлы Көксәйек елді мекеніндегі жеке шаруа қожалығының жұмысымен де танысты. Наурыз айында іске қосылған қожалықта 4 га жерге қызанақ, қияр, сәбіз, құлпынай, болгар бұрышы сынды көкөністер егілген. Жалпы аудан көлемінде тамшылатып суғару технологиясымен қарқынды жеміс-жидектің көлемі 35 гектарға және суармалы жердің көлемі 80 га артып, жаңа 4 ауылшаруашылық техникасы алынған.