Фото: baq.kz
Тұңғышбай Жаманқұлов (Әл-Тарази) — қазақ театры мен кино өнерінің ардагері. Актер, режиссер және педагог ретінде ол көп жылдар бойы өнер алаңында жұмыс істеп, еліміздің мәдени өмірінде өз таңбасын қалдырды. Ult.kz тілшісі болмысы бөлек, өмірі шытырманға толы Тұңғышбай Жаманқұловтың өнер мен өмір жолын зерттеп көрді.
Өмірбаяны мен өнер жолы
Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов 1948 жылы 2 қазанда Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Актерлік өнер жолын студенттік кезінен Қазақ драма театрында бастады. 1993-2001 жылдары осы театрдың директоры әрі көркемдік кеңестің төрағасы болды. Ол «Тамаша» концерттік ұжымының алғаш ұйымдастырушылардың бірі. 1979 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік шеберлік бойынша сабақ беріп, жеке курс жүргізеді.
Актетрдің өзі өнердегі жолы оңай болмағанын айтып, “Кейіпкерлерімнің ғұмырын кештім, өмірін сүрдім”-дейді. Ол “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында өнер жолына қалай келгенін айтып берген.
“Кітап оқуға құмартып, поэзияға әуейі болдым. Мектепте жүріп әнге, домбыраға әуестендім. Тіпті каникул кезінде ауылдық клубта әртіс те болып әурелендік. Одан бұрындары, әріп танымай тұрып та, кірәсін шамның алакеуім жарығының айналасына жиналған атам-әжем, әке-шешем жылап отырып тыңдайтын ертегі-қисса, жырларды оқитын әкемнің де көз жасын сығып отырып әндететіні есімді алатын. «Дариға-қыз», «Мың бір түн», «Рүстем-дастанның» шым-шытырық уақиғалары ұйықтап кеткен менің шымшымдап түсіме сапар шегетін. Бірақ өнерге барам деп шындап ойламадым. Әкем теміржолшы болғандықтан ба, техникалық мамандықты көбірек ойлаушы едім. Мәскеудегі Бауман атындағы жоғарғы техникалық оқу орнына түсуді армандадым, космонавт болу үшін емес әрине”, - дейді ол.
"Көзсіз ғашық болдым"
Нартай Аралбайұлы ютуб арнасына берген сұхбатында әртіс жеке өмірі туралы ашығын айтыпты. Ол жұбайы Дәрия Әбдімәлікқызының өзінен 24 жас кіші екенін жеткізіп, балалары туралы да әңгіме қозғаған.
"Оқушым, ол кезде сөзді ойлайтын жағдай болмады. Мен оның (әйелінің - ред.) еңбекқорлығына, ой-пайымына тәнті болдым. Таптаурын болып кеткен сөзбен айтсақ, көзсіз ғашық болдым. Белді будым да, осы шешімге бардым. Алдында өмірімнің бәрі жақсы еді демей-ақ қояйын. Бірақ, оның маған деген үлкен сыйластығы сезімге айналды. Біз жасырын жүруге қорқып, ашық кеттік. Маған біреу "Атағыңыз бар, қызықсыз. Сізден екі мүшел кіші, оны жақсы көрсеңіз көңілдес болып жүре бермедіңіз бе?" деді. Мен "Көңілдес бола алмаймын. Мен тек күйеу бола аламын" деп аузын жаптым. Құдайға шүкір, екі ұл, бір қызым бар. Үлкен ұлым Мәскеуде университет бітіріп келді. Екінші ұлым тіс дәрігері мамандығын оқып жатыр. Қызым 10 сыныпта", - деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Фото:stan.kz
Театр мен кино өнеріндегі орны
Өнер әлемінде Тұңғышбай Жаманқұловтың рөлдері ерекше бағаланады. Ол көптеген фильмде, театрда түрлі кейіпкерді сомдап, Қазақстанның кино мен театр өнерінің дамуына үлес қосты. Актер шеберлік пен сомдаған рөлдері үшін бірқатар марапатқа да ие болды. Мысалы: "Отырардың күйреуі" фильміндегі Қайырхан рөлі үшін 1992 жылы Қазақстан Респупликасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Тұңғышбай Жаманқұлов тек актер ретінде ғана емес, режиссер ретінде де көп қырлы өнер адамы болып танылды. Режиссерлік ісіндегі оның ең танымал жұмыстарын «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан» секілді классикалық шығармалардан көруге болады. Әр спектакльде ұлттық мәдениетті сақтай отырып, сахнаның заманауи талаптарына сай бейнелер мен қойылымдар жасады.
Одан бөлек, ол тек сахнада ғана емес, білім беру саласында да көп еңбек сіңірді. Ол жас актерлерге театр өнерінің қыр-сырын үйретіп, олардың бойына шығармашылық рухты сіңірді. Ол өз шәкірттеріне актерлік шеберліктің негіздерімен қатар, сахнадағы жауапкершілік пен сахналық этиканы да үйреткен. Бұл туралы оның шәкірті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Дулыға Ақмолда, М. Әуезов театрының You tube арнасына берген сұхбатында айтып берген:
“Тұңғышбай аға — менің ұстазым. Оның сахнадағы шеберлігі мен кәсіби біліктілігі мені әрдайым таң қалдырады. Ол тек актерлік қана емес, адамгершілік қасиеттерімен де үлгі бола білді”,- деген Дулыға Ақмолда.
Өнертанушы, сыншы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова Тұңғышбай Жаманқұловтың өнердегі және театрдағы қызметін жоғары бағалап, оның қазақ мәдениетіне қосқан үлесін ерекше атап өткен. Ол “Тұңғышбай Жаманқұлов туралы бірер сөз” атты мақаласында өнер ардегері туралы жылы лебіздерін де білдірген.
“Көрнекті актер, режиссер, өнертанушы, ұстаз, үлкен өнер қайраткері деңгейіне көтерілген Т.Жаманқұловтың Республика Театр қайраткерлері одағының төрағасы қызметінде атқарған және атқарып келе жатқан жұмыстары аз емес. Бюджеттен қаржы алмайтын ұйымның жұмысы негізінен демеушілер қолдауымен жүретіні белгілі. Мәселен, фестивальдар, оның ішінде жас режиссерлердің «Дебют» фестивалі, сценографтар көрмелері, облыстық театрларға консультациялық көмектер, шеберлік кластары, «Театр» журналын шығару, жыл сайын «Еңлікгүл» сыйлығын беру, т.б. көптеген шараларға демеуші табуда, сахна өнерінің көкейкесті мәселелерін қоғамда да, жоғарғы билік алдында да өткір көтеруде төрағаның өнерге деген үлкен махаббаты, тұлғалық беделі, іскерлігі, күш-қажыры елеулі роль атқарады. Шағын лебіз-мақаламның соңында бүгінде мерейлі жасына абыроймен, лайықты жетіп отырған үлкен тұлға Тұқаң –Тұңышбай Жаманқұловқа өмірлік-өнерлік мол қуаныштар, шығармашылық табыстар тілеймін”, -деп жазған Әлия Бөпежанова.
Фото:kino-teatr.ru
Ал шәкірті, театртанушы Асылбек Ықсан:
“Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің ұзақ жылдық тәжірибесін ғылыми негіздеуге кірісті. Оның шәкірттері ұстаздарының іліміне сүйене отырып, қазақ театрының дамуына үлес қосуда” ,-деген.
Қазақстан Республикасының халық әртісі атағын алған Тұңғышбай Жаманқұлов халық жадында көптеген даулы оқиғалармен де есте қалады. Мысалы актер өзінің Жаманқұлов тегін Әл-Тарази деп өзгертуі сол жылдарда қоғамда қызу талқыланған. -ов, ев, -ова секілді қосымшадан құтылғысы келген актер тегіне туған жерін қосқан. Бұл туралы актердің өзі:
“Қатып қалған қағазға табынған біздің шенеуніктер -ов, -ев-імді алдырмай қойған. Алғашқы патриоттардың бірі болып осыдан қалай құтылам деп көп ойландым. Рудың атына бөлейік десек, бүкіл қазақ оған дайын тұр. Бәрі арғыни, дулати, наймани болып кетеді. Сосын қырық пышақ боп бөлініп тағы бәле боламыз. Өйтуге тағы болмайды. Әркімнің туған жері ыстық қой. Тараз топырағының атын алайын деп шештім. Содан Әл-Тарази болдым. Бұл жерде өзгелерден оқ бойы озық болайын, ерекшеленейін, көрінейін деген мақсат болған жоқ. Орыстың -ич, -ов, -ин дегенінен құтылу еді бар ойым. Менің тапқан амалым осы болды”, – деген бір сұхбатында.
Екі мыңыншы жылдың басы мен орта шенінде театр мен кино ардагерінің басы дауға көп қалды. Жаманқұлов 2005 жылы түсірілген “Көшпенділер” фильмін сынады. Бұл фильмде ол ханның рөлін сомдаған. Актер кино туралы пікірінде, қыруар қаржы жұмсалған фильмнің сәтсіз шыққанын, алған гонарарына көңілі толмағанын айтып шыққан.
“«Көшпенділерді»түсіргенде де қателестік. Ол кездегі басты қателік, біз жүру үшін алдымен еңбектену қажет екенін ұмытып жүгірмекші болып омақаса құладық. Кино түсірудің қыр-сырын меңгермей жатып, қазақты әлемге танытамыз деп дарақылыққа салындық. Арты не болды? Не тарих, не кино, не ақша жоқ. Батырларымыздың түрі анау. Ұят”,- деген ол.
Фото:e-history.kz
2000 жылдың басында Жаманқұлов үйіне жалдаған құрылысшылардың ақшасын бермей қуып шыққан деген ақпарат тарады. Сонда актер “бұл жала” деп ақталды. Бұл оқиғаның соңы немен аяқталғаны баспасөзге беймәлім болып қалды.Одан кейін Жаманқұлов Алматыдағы М. Әуезов театрының директоры болған кезінде ұжымында дау шықты. Тұңғышбай Жаманқұлов Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков сынды белді әртістерді жұмыстан шығарғысы келді. Мұны ол осы актерлердің жасы келгенімен, театрға жастарды тарту керектігімен түсіндірді. Сөйтіп, мәселе сотқа жетті. Кейіннен актерлер сотта татуласқан сияқты көрінді. Өйткені 2013 жылы «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты республикалық театр фестивалінде өнер иелері көрініс берді.
2016 жылы Асанәлі Әшімов бастаған бір топ өнер қайраткерлері сол кездегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жолдады. Бұл хатта олар Тұңғышбай Жаманқұлов басқаратын Қазақстанның Театр қайраткерлері одағын қатаң тексеруді сұрады. Хатқа Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова және басқа да Алматылық жеті өнер қайраткері қол қойған.
Ал, оның өзі сол жылдары берген сұхбатында:
“Мына «Еңлік гүлдің» болып жатқанына биыл жетінші жыл. Осыған дейін әлгі кісілер, расында, қайда жүрген? Неге былтыр осы мәселе көтерілген жоқ? Ал, Асекеңді (Асанәлі Әшімовті айтады.-ред) біз жыл сайын шақырамыз, ол кісі келмейді. Сонан соң бұл кісі одақтың жұмысынан еш хабары жоқ. Араласпайды, атсалыспайды. Меніңше әлгі хаттың артында министрдің өзі тұрған сияқты”,-деп ол хаттың артында сол кездегі мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тұрғанына меңзейді.
2016 жылы Тұңғышбай Жаманқұловқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. «Феникс» фильміне бөлінген 69 миллион теңгені кинотуындының продюсері Жаманқұлов жымқырды деген айып тағылды. Актер атын ақтауға қанша тырысқанымен, сот жеті жыл мерзімге шартты жаза тағайындады. Тұңғышбай Жаманқұловқа кесілген жаза 2 есе қысқартылып 3,5 жыл шартты жаза берілді. Өнер ардагері сол кездегі Президент Н. Әбішұлынан араша сұрап бейнеүндеу де жасаған. Өзіне қатысты істе сол кездегі мәдениет министрінің қолы бар деп ақталуға тырысты. Бірақ 2017 жылы сот үкімі күшіне енді.
Жаманқұлов пен Мұхамедиұлы арасындағы кикілжің
Актер мен Арыстанбек Мұхамедиұлының арасындағы кикілжің Еңлік Сыдықованың: "Мәдениет министрі мені төсекке сүйреді" деген айыптауынан кейін өршіген. Сонда Тұңғышбай Жаманқұлов актрисаны қорғап бір сұхбатында “Арыстанбектің қыздарға қырыңдайтын әдеті бұрыннан бар”, деп жайып салған.
2023 жылы Нартай Аралбайұлына сұхбат берген Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстанбек Мұхамедиұлымен араздықтың одан бұрын басталғанын айтып берді. Оның айтуынша Өнер академиясында ұстаздық етіп жүрген Тұңғышбай Жаманқұловқа, сол кездегі академияның Ректоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы оқуға қабылдау емтиханынан грантқа міндетті түрде ілігуі керек деп 11 адамның тізімін ұсынған. Дау осыдан шыққан.
«Емтиханнан қайтып келе жатқанымда ректордан қоңырау келді. «Сен неге менің айтқанымды орындамайсың?» деді маған. «Ареке, мен уәде бергендей екі адамды алдым. Әрі қарай мүмкіндік болмады. Тізіміңдегі балалар онша болмады. Ұят болады» дегенімді тыңдамайды. «Мен сені құртамын. Сен кімсің сонша?» деп. Сонан кейін ашуландым. «Сен маған «сен» деп сөйлейсің. Сенің құлыңмын ба? Мен Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов деген ағаңмын. Дікеңдемей сөзді тыңдасайшы? Бәрібір қоймады. Мен де эмоцияның адамымын. Телефонның арғы жағынан «Кетші бар. На*» дедім орысшалап. Ертесіне академияға келсем кіре алмадым. Ректор келмепті әлі. Бір уақытта келді. Ырғалып машинадан түсіп жатты. «Кешегі жайында түсінісейік» деп едім, амандық-саулық жоқ. Маған бір қарады аналарға бір қарады да «Мынаны кіргізбеңдер» деді. Тағы боқтадым Шымкентше. Сөйттім де кетіп қалдым», — дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Бұл сұхбатында актер өзіне тағылған айып толық алынып тасталғанын, қазірде ешқандай шектеу жоқ екенін жеткізді.
Тұңғышбайдың бірбеткейлігіне қатысты оқиғалар жеткілікті. Ойын тіке айтып салатын актер өткен жылы актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың "Ажырасам" фильміне барып, киноны ұнатпай кетіп қалғанын айтқан.
"Ал нашар шығатын фильмдерді мен "нашар" деп айтамын. Көңіліне келмесін, Қайрат Нұртастың келіншегі "Ажырасам" деген фильм түсірді. Мені шақырды, "Ақшаларын өнерге жұмсап жатыр" деп қуанып бардым. Жұлдыз - жақсы актриса. Фильмді жартысына дейін ғана көре алдым. Жартысынан кейін быт-шыт болып кетті. Сюжеттің линиясы үзіліп, жанр адасып кетті. Шым-шытырық болып, екінші бөлімін көре алмадым. Мәдениеттіліктен шыдап отырдым. Соңында бәрі құттықтайды ғой. Мен құттықтамай кетіп қалдым. Менің сондай мінезім бар. Ұнамаса, туған шәкіртімнен де үндемей кетіп қаламын. Режиссер - жас, кеудесі аяққаптай. "Кино түсірдік" деп, ортада қоқиланып тұр. Өнер қайда? Ол өнер емес, кино емес, бір бәле. Мен қарсы шығамын, "Құрт, жой" демеймін. "Бұларың не, қарақтарым-ау" деген өкпемді айтамын", - деген Тұңғышбай Жаманқұлов:
"Біздің кезімізде киноға түсу үшін үлкен талап қойылатын. Өйткені режиссер ол фильмді түсіруді емес, шығаруды ойлады. Оның үлкен шығарма болуын ойлады. Ал қазір ақша болса, түсіреді. Қалай болса, солай болсын, ақша алса болды. Жақсы болып шықса, ақша таба береді. Болмаса, соған да қанағат. Мен олардың мықты суреткер болғанын, керемет кино түсіргенін қалаймын. Бірақ әлгіндей шала болған кезде мұңаямын", - деді актер.
Қазірде Өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жамбыл облысының құрметті азаматы, Парасат және Достық ордендерінің иегері Тұңғышбай Жаманқұлов (Әл-Тарази) өнердегі жолын жалғастырып, театр саласы мен кинода жұмыс атқарып, өзі сомдаған рөлдерімен өнерсүйер қауымды қуантуда. Оның "паспорт" әніне айналған «Өнер адамында»:
«Алдымызда жалт-жұлт етіп от шырақ,
Әне-міне бақ қонардай боп тұрады.
Жалпы мақтап жаны қалмай жатса да,
Ешкім бізді шын түсінген жоқ, бірақ...» дегендей Тұңғышбайдың болмысын түсінуге уақыт керек...
Бойындағы дарыны, еңселі бітімі, қоңыр дауысы мен менмұндалап тұратын мінезі оның күрделі де ерекше болмысынан хабар береді. Актер сахнадағы жарқын бейнелерімен әлі де көрерменді қуанта берері хақ.