11 шіл, 2017 сағат 14:25

Омбыдан Астанаға Кенесары хан туралы құжаттар жеткізілді

Астанаға алғаш рет Омбы облысының Тарихи архивінен Кенесары ханға қатысты құжаттар жеткізілді, деп хабарлайды Вnews.kz

«Бұл құжаттар осы күйінде алғаш рет көрсетіліп отыр, себебі олардың басым бөлігі айрықша құнды мәртебеге ие болған еді. Кеңестік кезеңде мұндай құжаттар зерттеушілердің қолына тие бермейтін. Қазіргі кезде көрмеде көрсетілген тұлғалар жайындағы мәліметтер қазақ халқы тарихы үшін маңызды екенін түсіне отырып, енді құжаттарды зерттеушілерге ұсынып жатырмыз. Біздің архивте Кенесары хан туралы бар мәліметтердің бір бөлігін сканерден өткіздік. Құжаттар аз емес, себебі оның қолбасшылығымен қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрес ұзақ уақытқа жалғасты. Біз осы деректерден ең қызықтыларын іріктеп алдық», - деді Омбы облысы Тарихи архивіндегі Азаматтық соғысты зерттеу орталығының жетекшісі Галина Бородина.

Оның сөзіне қарағанда, архивте казак отрядтарымен қақтығыстар туралы ақпараттар сақталуда. Белгілі болғандай, аталған құжаттардың көшірмелері зерттеушілерге қолжетімді болу үшін Астана қаласының мемлекеттік мұрағатына тапсырылады.

Жалпы, Астанаға әрқайсысы 10-15 парақты қамтитын 40 құжат жеткізілді. Онда Омбы және Ақмола облыстарының тарихы жайында құнды мәліметтер жинақталған. Омбы облысы архивінде жалпы екі миллионнан астам материал сақтаулы.