22 шіл, 2021 сағат 18:18

Олимпиаданың ашылуына бір күн қалғанда Токиода 1 979 адам коронавирус жұқтырған


Токио үкіметі бейсенбі күні, олимпиада салтанатының қарсаңында COVID-19 жұқтырудың 1 979 жаңа жағдайы тіркелгенін мәлім етті, деп хабарлайды Кyodo агенттігі.

Бұл – қаңтардың ортасынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Осыған орай, ойындардың салдарынан вирустың жұқпалылығы жоғары Дельта нұсқасының таралу ауқымы одан әрі кеңейе түседі деген қорқыныш өсуде. 

Олимпиаданың ашылу салтанаты жұма күні ел астанасында коронавирус шараларының шектеулеріне байланысты көрермендерсіз өтеді. Мұнда COVID-19 жағдайларының өсуіне байланысты төтенше жағдай енгізілген.

Қаңтардың ортасында Токиода екінші төтенше жағдай енгізілген еді.

Денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар Токиода коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауы мүмкін екендігін және инфекцияның «бесінші толқыны» туралы ескертті.

Олардың есептеуі бойынша, тамыздың басында елдегі күнделікті жұқтыру оқиғасы 2 600-ға дейін жетеді. Ал Олимпиада 8 тамызға дейін жалғаспақ.