06 қар, 2019 сағат 14:19

Олимпиадаға дейін алынған допинг-сынама 10 жылға дейін сақталады - WADA

Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов бастаған қазақстандық делегация Катовицеде WADA ұйымының бас директоры Оливьер Ниггле және WADA-ның Азия өңіріндегі кеңсесінің басшысы Казухиро Хайашимен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дене шынықтыру және спорт комитетінен мәлім еткендей, кездесу спорттағы допинг мәселелеріне арналған V Бүкіләлемдік Допингке қарсы конференция аясында өтті. Қазақстандық тарап допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін арттыру сұрақтарын қамтитын заң жобасы туралы кеңінен айтып берді. Өз кезегінде Ниггле мырза Қазақстан Үкіметінің аталған бағытта қолға алып жатқан реформаларын жоғары бағалап, болашақта допингпен күрес мәселесінде ынтымақтастықтың нығаятынына сенім білдірген.

 

Айта кетсек, дене шынықтыру және спортқа қатысты заң жобасы Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданып, СҚР Парламенті Сенатының қарауына жіберілген болатын.

Өз кезегінде, Казухиро Хайаши допинг-сынамалардың сақталуы жүйесінің реформаланып жатқанын айта кетті.

«Олимпиада ойындарына дейін алынған допинг-сынама болашақта 10 жыл сақталады. Бұл допинг-сынамаларды сақтау мен оларды қайтадан сараптамадан өткізудің жаһандық бағдарламасы болмақ», - дейді Хайаши.

Сонымен қатар, қос тарап допингке қарсы кодекс пен халықаралық допингке қарсы стандарттардың қайта қаралу процесін талқылады. Жаңа халықаралық стандартқа сүйенсек, қандай да бір елдің допингке қарсы агенттігі халықаралық кодекске сай келмейтін болса, сол елдің спортшысы жарыстан шеттетіледі. Оның қатарында Олимпиада ойындары да бар.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың желтоқсанында WADA ұйымы допингке қарсы кодекс пен халықаралық допингке қарсы стандарттарды қайта қарау процесін бастаған болатын. Содан бері 2000 түзетулер өңделіп, өзгеріске ұшыраған құжатты әлемдік заңгерлер сараптаудан өткізген. 2017 жылдан бері қаралып келе жатқан өзгерістер Польшадаға конференцияның да басты тақырыптарының бірі болмақ.

5 қарашада Польшаның Катовице қаласында спорттағы допинг мәселелеріне арналған V Бүкіләлемдік Допингке қарсы конференция басталды. Аталған жиынға бүкіл әлемнен 1000-нан астам делегат қатысып жатыр. Күн тәртібінде – допингпен күрес мәселесі. Сондай-ақ, конференция барысында Польшаның спорт және туризм министрі Витольд Банька Бүкіләлемдік Допингке қарсы Агенттік ұйымының (WADA) басшысына тағайындалады.