29 шіл, 2024 сағат 14:03

Олимпиадада жеңіске жету – ұлттың жеңісі ме?

Фото:olympic.kz

Қазір дүйім жұрттың бар назары төрт жылда бір келетін дүбірлі дода - Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында екені белгілі. Жанын шүберекке түйіп, спортшылармен бірге қазақ жұртшылығы да көгілдір экранға көз тігіп отыр.

Дзюдодан алтын медаль алып, көк байрақты Париж төрінде желбіреткен Елдос Сметовтың жеңісіне жұрт болып қуанып, жомарт жандар 100 жылқы сыйлап жатса, Әбиба Әбужақынованың жеңілісіне өзі сүрінгендей қапаланды. Күміс, қола медаль алып жатқан спортшылар да елдің назарынан тыс қалып жатқан жоқ.

Тағы да оқыңыз: ҒҰСМАН ҚЫРҒЫЗБАЕВ ОЛИМПИАДАНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕСІН ЖЕҢІП АЛДЫ

Алайда қазіргі уақытта спортшылардың Олимпиададағы жетістіктері емес, елдегі қордаланған проблемаларды шешуге баса назар аудару керек деп есептейтіндер де бар.

"Медальға алданатын деңгейден өскен кезде, біз ел ретінде өсеміз"

Блогер Назым Қанқожа спорттағы 2-3 жетістікке емес, қоғамның жалпы денсаулығына қарап, жағдайға әділ баға беру керек деп есептейді. Балалардың денсаулығы, халықтың жас ұзақтығы, экологиялық проблемалар мен ауыл тұрғындарына спорттың қолжетімділігіне назар аударған блогер бұл туралы зерттеу мен статистикалық мәлімет жоқ екенін айтып қынжылды.

"Сәйкесінше проблема да, оның шешімі де жоқ", - дейді Назым Қанқожа әлеуметтік желідегі жазбасында.
   
Ол дамыған елдерге популизм керек емес, ал бізде мақтану, жарысу және тойлау үшін қажет деп санайтынын айтады. Блогердің сөзінше Олимпиадада жеңу - жеке спортшының жеңісі.

"Спортшының жылдар бойы жаттыққан еңбегін иемденіп, ертең спортқа жауапты министрліктер "Бізде бәрі тамаша" деп есеп жасау үшін... Дамыған елдер - халқының экологиялық таза елде өмір сүріп, тағам қауіпсіздігі үшін жауап беріп, кез-келген қоғамдық жерде спортпен айналысу, жүгіру, велосипед тебу үшін жағдай жасайды. Адам үшін жағдай жасайды. Біз тіпті қандай ауа жұтып жатқанымызды білмейміз, бірақ Олимпиадаға кім бару, бармау керектігіне таласып, спортшыға қоғам болып психологиялық қысым жасаймыз.
Олимпиада жайлы. Жанкүйерміз. Жеңімпаз болған спортшылар үшін қуаныштымын. Еңбектері ақталды. Оңай емес. Әсіресе ата-анасы үшін. Бірақ, қазақ халқының жеңісі, анау-мынау деген пафосты қояйықшы. Біздің жеңісіміз - адам өміріне қауіпсіз ел құру, денсаулығы мен білім жүйесі сапалы, құқық қорғау органдары мен өрт сөндіру қызметі жоғары деңгейде ұйымдастырылған, жемқорлықты жеңген елге айналғанша бізге қуану ерте. Грамота мен медальға алданатын деңгейден өскен кезде, біз ел ретінде, қоғам ретінде өсеміз. Жапондықтарға қараңыздаршы. Жеңіп тұрса да бірқалыпты. Қай дамыған елдің спортшысын қарасаңыз да сол", - дейді Назым Қанқожа. 


"Халқың Еуропаға ауып, құлпынай теріп, жан баға тұрсын..."

Жазушы Лира Қоныс Абайдың қара сөзін мысалға келтіріп, Олимпиаданы кезекті шоуға балады. Ол да мемлекетте түрлі проблемалар бар екенін айтып өтті.

"Абайдың 26-қара сөзі
Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар?
Жүйрік ат - кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те - кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма? Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Мұның бәрін адам өз өнеріменен жасаған жоқ. Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді. Соның бәрін де біле тұра, жерге кіргендей болып я бір арамдығы, жамандығы шыққандай несіне ұялып, қорланады екен?"
Кешегі тасқыннан зорға аман қалған жұрттың баспанасы алдағы бір жылдарда салынар, мектептер үш ауысыммен, бір сыныпта 45 баладан оқи берсін, халқың еуропаға ауып, құлпынай теріп жан баға тұрсын, ал, біз бірінші кезекте мына Олимпиада деген кезекті шоуды жақсылап тойлап алайық!" -деп жазады Лира Қоныс.


"Егер ол сондай маңызды шара болмаса халық өзі реттейді, ақымақ емес"

Алайда Париж Олимпиадасынан ақпарат таратып жүрген отандық спорт комментаторы, журналист Аслан Қаженовтың ULT.KZ тілшісіне берген сұхбатында ол Олимпиададағы жеңістердің маңыздылығын түсіндірді. 

"Мен қазір Олимпиада ойындарының ортасында жүрмін ғой. Мұндағы жетістіктер, жеңістер бір ғана адамның жетісігі, жеңісі, соның жасаған еңбегінің жемісі, қуанышы деп қарау қате деп ойлаймын. Өйткені мұнда 205 мемлекеттің 10 мыңға жуық әлемнің ең үздік атлеттері келді. Олимпиаданың ерекшелігі сол - әр спортшы өз елінің атынан шығады. Бүкіл әлемнің назары қазір осы Париждегі Олимпиадада. Бұл төрт жылда бір келетін спорттық мереке. Мысалы кешегі Елдостың жеңісі Қазақстан Дзюдо Федерациясының жеңісі, сол жақтағы мамандардың жеңісі, бұл министрліктің, Ұлттық Олимпиада комитетінің жеңісі. Отандық спорттың басы-қасындағы мамандар елдегі спортты дамытуға жұмыс жасайды. Сол жұмыстың нәтижесі осы Олимпиадаларда, Әлем чемпионаттарында, Азия чемпионаттарында көрінеді. 
Өздеріңіз көрдіңіздер, Елдостың жеңісінен ел қалай серпілді, қуанды. Егер ол сондай маңызды болмаса, халық өзі реттейді ғой, ақымақ емес. Ондай маңызы болмаса ешкім елемейтін де еді. Керісінше, елімізді біріктірді, эмоция сыйлады, бүкіл әлемнің назары Елдоста болды. Елдос біздің қазақтың баласы, біздің елдің өкілі. Енді оған үлкен келісімшарттар түседі, Халықаралық Дзюдо Федерациясы тарапынан үлкен қызметтерге ұсынылуы мүмкін. Елдос өзінің өмірлік жолымен үлкен тұлғаға айналды", - деді Аслан Қаженов. 

Журналистің айтуынша бір ғана жарыс бүткіл елдегі спорттың қалай жүйеге қойылғанын көрсетіп береді және ендігі бағыт-бағдарын айқындай алады.

"Бұл жерде ешкімді алдай алмайсың, пара беріп, таныс-тамырыңды сала алмайсың. Нағыз мықты ғана жеңеді. Және әр ел осы жарыс арқылы алға жоспарларын айқындайды. Біліктілігін көреді, проблемаларын ескереді. Және басқа елдің жүйесін көріп салыстырып, бізде не істелуі керек, не дұрыс болмай жатыр, қай жерін түзетуіміз тиіс деген сияқты жоспарлар құрып, келесі төрт жылдыққа дайындалады. Мұның бәрі жүйе. Спорт осы жүйеге сүйеніп, дамиды", - дейді Аслан Қаженов.


Сондай-ақ журналист қазіргі уақытта еліміздің барлық спорт саласының мамандары Олимпиадада жүргенін, олар еліміздің спортын қалай дамытуымыз керек екенін талқылап жатқанын айтты. Оның ішінде легионерлер мәселесі, шетелден кеңесшілерді тарту мәселесі сияқты өзекті сұрақтарды талқылап жатыр.

"Біз сияқты жас, кезең-кезеңмен қалыптасып келе жатқан ұлтқа қажет жеңіс"

Спорт журналисі Руслан Меделбек Қазақстан халқының ұлттық болмысын өзге елдермен салыстыруға болмайды деп есептейді. Оның пікірінше спорт ұлтты ұйыстырып, бірлігін нығайтады. Спорт тілшісі қазақстандық спортшылар алдымен елдің намысын қорғау үшін Олимпиадаға қатысатынын жеткізді.

"Елдос Сметовтің Парижде чемпион болған сәтін залдан көрдім. Бұл бір спортшыға да, тұтас елге де керек алтын болды. Токио олимпиадасында сегіз қола медаль болып қалған соң ба Қазақстан бұл алтынды сегіз жыл күтті. Ал Сметовтің өзі бұл алтынды үшінші мүмкіндігінен кейін еншілеп отыр... Мұндай алтын ұлтқа, елге керек. Біз сияқты жас, кезең-кезеңмен қалыптасып келе жатқан ұлтқа қажет жеңіс. Батыста спортшының жеңісі алдымен жеке адамның жетістігі деп қарастырылады ғой. Қазақстанның менталитеті мен ұлттық болмысы бөлек. «Қуанышты бөліссең көбейеді» деген ұлт үшін Олимпиададағы әрбір алтын құнды. Жеңіске қуану, жеңіліске мұңаю, сынаудың еш әбестігі жоқ.
Елдос алдымен ел үмітін, ата-анамның үмітін ақтасам деп келгенін әр сөзінен ұғасың. Өкініштісі, тағы бір дзюдошы Әбиба Әбужақынова жүлдеге сәл жетпей жеңіліп қалғаны... Жеңілген соң ағыл-тегіл жылап жүрді. Қайсарлықтың көз жасы... Себебі ол теннисшілердей бай емес. Қарапайым отбасынан шығып, бір шағын отбасының, сол шағын отбасылардан құралатын Қазақ деген елдің үмітін ақтай алмағанына жылады. «Аяғыңды жарақаттап алдың ба?» деген журналистің сұрағында «жарақатым ауырса да күресер едім, қарсыласым өте ыңғайсыз күреседі» деді. Аяқтың бес минут солқылдағанына шыдап берем деген балуанға талай адам «саған ризамыз» деп жазып жатты. Ешкім Әбибаны жеңілдің деп сөккен жоқ. Себебі ол көк туға, ұлтқа деген жанкештілігін күресімен, ісімен көрсетіп берді. Осындай сәттер ұлтты, қоғамды біріктіре бергей", - деп жазды Руслан Меделбек Instagram парақшасында.


Айта кетейік, Франция астанасы Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындары шілденің 26-ы мен тамыздың 11-і аралығында өтеді. Оған Қазақстаннан 80 спортшы қатысуда. Қазіргі уақытта Ұлттық құраманың қоржынында бір алтын, екі қола медаль бар.

Тағы оқыңыз: ПАРИЖ – 2024: ЕЛ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ 29 ШІЛДЕДЕГІ ЖАРЫС КЕСТЕСІ

Балжан Жеңісқызы, ULT.KZ