Фото: elements.envato.com
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматы облысының құзырынан қалаға көшкен алма бақтарына алаңдаушылық білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
2014 жылы бұл аумақтар жеке тұлғалардың меншігіне өтті. Әңгіме Каменское үстіртінде коттедж қалашық салу жобасы туралы болып отыр.
"Сіз алмадан бастадыңыз. Алматы облысы. Өкінішке қарай, сіздердің ақпаратыңыз бойынша, қазір ол жерде алма ағаштары кесіліп жатыр. Храпунов, Тасмағамбетов, Есімов, Байбек, Сағынтаевтар өз кезінде толық заңды емес шешім қабылдады", - деді Базарбек Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысына қаратып.
Мәжілісменнің айтуынша, осыған байланысты алма бақтарының 70 пайызға жуығы жойылған.
"Қашан тексеріс жүргізілді? Назарбаевтар жанұясы мен басқа да олигархтар тексерушілерге қысым көрсетті. Яғни, осындай заңсыз шаралардың кесірінен алма бақтарды қайтарып, қалпына келтіре алмай отырмыз. Айтыңызшы, бүгінде қанша алма бағын меншікке қайтара алдық? Бұған дейін қаншама заңсыз шешімдер қабылданғанын білесіздер. Қандай шаралар қабылданып жатыр?", - деп сұрады ол.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 5,2 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын, бірақ бұл нақты алма бақтары туралы емес екенін айтты.
"Биыл 2 миллион гектарға жуық жерді қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Қанша алма бағы бар, нақты айта алмаймын, кешірім сұраймын, жазбаша түрде жауап берейік. Әрине, ол жерде алма бақтары бар екеніне күмәнім жоқ, бірақ қанша екенін айта алмаймын", - деп жауап берді министр.
видео: Tengrinews.kz