27 там, 2019 сағат 09:32

Ольга Рыпакова «Гауһар лигасының» финалына қатысудан бас тартты

Жеңіл атлетикадан Қазақстан командасының үздігі, үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова «Гауһар лигасына» қатысудан бас тартты. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Ол Әлем чемпионатына дайындықты барынша күшейту үшін осындай қадамға барған.

«Сіздердің пікірлеріңізді оқыған сайын, спортшыға жанкүйердің қолдауы қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Парижде сәтсіз өнер көрсеттім - 14,16 метр. «Гауһар лигасының» финалдық кезеңіне өтсем де, финалға қатысудан бас тарттым. Себебі Әлем чемпионатына дайындыққа көбірек көңіл бөлгім келеді. Париждегі көрсеткішке келер болсам... Спортшылар мені түсінеді: ұдайы жаңа биікті бағындырғың келеді. Тіпті, бұл өз денсаулығыңа зиян болса да. Белокурихада ем алған соң, бірден Париждегі жарысқа кеттім. Әлі толық емделіп үлгермегенім секіру барысында байқалды. Десе де, мұның үлкен тәжірибе болғанын мойындаймын. Барлықтарыңызға жылы сөздеріңіз бен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Алда Әлем чемпионаты мен Токиодағы Олимпиада ойындары келе жатыр. Сол сындарда біз міндетті түрде жақсы нәтиже көрсетеміз. Бастысы – еңсені биік ұстап, дайындықты жалғастыру», - деп жазды Рыпакова. 

Спортшы Париждегі әйгілі «Гауһар лигасы» турнирінің финалына өткенін бұған дейін жазған болатынбыз.