Африкада өңірлік WBO белбеуін жеңіп алған ганалық боксшы Патрик Аллотей (37-3, 29 КО) бірінші орта салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақстандық боксшы Қанат Исламды (25-0, 20 КО) реваншқа шақырды, - деп хабарлайды Vesti.kz.
"Мен Қанат Исламмен реваншқа шыққым келеді. Біздің бірінші жекпе-жегімізде олар мені тонап кетті, сол себепті мен онымен тағы да жұдырықтасқым келеді", - деді Аллотей.
Өткен сенбіде, 7 сәуірде Гананың Акра қаласында Аллотей алтыншы раундта өз отандасы Фрэнк Додзиді (19-9, 17 КО) нокаутқа түсіріп, өңірлік WBO белбеуін жеңіп алды.
Осыған дейін де Аллотей Исламды жекпе-жекке шақырып, 2016 жылы 29 қазанда Алматыда өткен бокс кешінде әділетсіз шешім шығарылғанын айтқан еді. Жекпе-жек барлық 12 раунд бойы созылды, төрешілер шешімі бойынша бірауыздан жеңісті қазақстандық боксшыға берген еді.
Таяуда Қанат Ислам танымал менеджер Эгис Климаспен жұмыс істей бастағаны туралы хабарланды. Америкалық маман Сергей Ковалев (31-2-1, 27 КО), украиналық Василий Ломаченко (10-1, 8 КО) және Александр Усикпен (14-0, 11 КО) жұмыс істейді. 2017 жылы Эгис Климас The Ring нұсқасы бойынша үздік менеджер атанды.