11 там, 2021 сағат 16:20

Оқушылар да мектепке Ashyq қосымшасымен кіре ме – министр жауабы


Ashyq қосымшасы мектептерде қалай қолданылады? Бұл сауалға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ashyq жүйесімен қамтамасыз етуге қатысты сұрақтар бар. Бұл қосымшаны мектепте кім қолданады? Қолданушылар: қызметкерлер, мұғалімдер, ал балабақшаларда баланы алып келушілер болуы мүмкін. Бұл іс-шара ең алдымен үлкендерге бағытталған. Университеттерде студенттер тексеріледі. Әзірше оқушылар жайында сөз қозғап отырғанымыз жоқ. Ересектерді қамту қажеттігін түсінеміз, әрі қарай да назарда ұстаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов Tengrinews.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында. 

Оның атап өтуінше, оқушының, студенттің ата-анасы немесе білім алушының өзі ауырып қалса, онда одан аурудың клиникалық белгілері мен симптомдары байқалмаса да білім ордасына кіргізілмейді. Ал білім алушының сыныптастары немесе студенттің бір топтағы курстастары толықтай қашықтан оқу форматына көшіріледі.