Қазақстанды оқулықтар әзірлеудің жаңа жүйесі толыққанды енгізіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оқулық дайындаудың жаңа жүйесі толыққанды енгізілетін болады. Бұл проблема баяғыдан бері көтеріліп келеді. Шындығында да, біздің оқулықтарымызда өте көп кемшілік бар екендігі туралы фактіні мойындауымыз керек. Толықтай алғанда оқулық дайындау жүйесінің өзі жетілмеген. Бұл тек баспаның, автордың немесе өзге де қандай да бір топтың кінәсі деп айтуға болмайды. Бұл жерде сөз барлық процесті қайта бағдарлау және жаңғырту жайында болып отыр», - деді министр педагогтар мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі барысында.
Министр бұл бағыттағы жұмыстардың қазіргі уақытта жүргізіліп жатқандығын айтты.
«Оқулықпен жұмыс жалпы міндетті стандарттардың өзінен, үлгілік жоспарлар мен бағдарламалардан басталып, одан ары сараптама, бейімдеу мәселелері, авторларды дайындау, авторларды оқыту, баспамен жұмысты қамтиды. Яғни, осынау бизнес процестердің барлығы қазіргі уақытта жаңа форматта жүзеге асырылатын болады. Біз авторлар мен сарапшыларды оқытамыз. Оқулықтардың сапасы, апробациядан өткізу және оқулықтарды қолдануға мониторинг жасау бойынша талаптарды заңмен бекітеміз», - деді Асхат Аймағамбетов.