Еліміздегі жалпы оқулықтарда 1921-1922 жылдардағы аштыққа байланысты материал жоқтың қасы. Мұндай пікірді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Биыл 1921-1922 жылдардағы жаппай ашаршылық басталғанына 100 жыл толады. 1921-1922 жылдардағы ашаршылық және оның салдары бірқатар мұрағат қорларының жабықтығына байланысты ғылыми тұрғыда зерттелмеген. Соған орай мектеп және университет оқулықтарында 1921-1922 жылдардағы аштыққа байланысты материалдар жоқтың қасы», - деді ғалым.
Осыған байланысты Зиябек Қабылдинов ашаршылықтың екі кезеңіне қатысты архив қорындағы материалдарды толығымен ашу керектігін айтады. Оның атап өтуінше, кешенді зерттеулердің қорытындылары мектеп және жоғары оқу орындарының оқулықтарында берілуімен қатар, өзге тілдерге де аударылывп, шетел аудиториясына да ұсынылуы керек. Жалпы, ғылыми зерттеу жұмыстары Қазақстанның барлық өңірінде жүргізілуі керек.
Естеріңізге сала кетсек, кеше «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Онда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ашаршылық тақырыбына қатысты жүйелі, тарихи фактілерге сүйенген терең әрі жан-жақты зерттеулер керек екенін баса айтты. Ол үшін тиісті архив деректеріне қол жеткізу, оларды жүйелеу және мұқият зерделеу, өңірлермен және ондағы ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдармен тығыз байланыс орнату, көршілес елдердің архив материалдарымен жіті танысу, ашаршылық куәгерлерінің түрлі естеліктерін жинақтау қажет деген ойын жеткізді.