Алматыда карантиндік іс-шаралардың арқасында, вирус жұқтырған балалардың саны 2,5-3%-дан аспады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Негізі балалардың жас ерекшелігіне қарамастан назарда ұстау қажет. Өйткені, олар ауруды таратуда үлкен рөл атқарады. Патогеннің COVID-19 контагиозы жоғары, сондықтан вирус жұқтырған балалар өздерінің жағдайының ауырлығына және аурудың клиникалық көрінісіне байланысты үйде оқшаулануы немесе ауруханаға жатуы тиіс.Карантиндік іс-шаралардың арқасында бүгінгі күнге дейін Алматыда вирус жұқтырған балалар саны 2,5-3%-дан аспады», – дейді Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жұмагүл Ешібекова.
Оның айтуынша, әлеуметтік ара қашықтық және гигиеналық шаралардың сақталмауы, балалар арасында инфекция мен аурудың күрт өсуіне әкеліп соғуы мүмкін. Сонымен қатар, маусымдық ЖРВИ-дің өршуі ықтимал, бұл COVID-19 вирусымен бірге аурудың ағымын қиындатады.
Бүгінгі таңда балалар арасында COVID-19 вирусына қатысты 5 маңызды ереже белгілі болды:
1. Балаларда COVID-19 вирусының клиникалық көріністері сирек кездеседі;
2. Балалар ересектермен салыстырғанда көбінесе симптомсыз тасымалдаушы болуы мүмкін ( COVID-19 вирусы балаларда дене қызуы, жөтел, тыныс алу қиындықтары сияқты белгілерсіз жүреді);
3. Балалардың көпшілігінде ауру жеңіл өтеді, бірақ ауруханаға, соның ішінде реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызуды қажет ететіндері де бар. Қауіп тобына кіретіндер - семіздік, қант диабеті, иммун тапшылығы, ревматикалық аурулары бар, тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары, жүрек-тамыр және басқа да аурулары бар балалар;
4. COVID-19 вирусынан кейін балалар «цитокиндік дауыл» жүйелі қабыну реакциясын дамытуы мүмкін, бірақ, ол сирек кездеседі.
5. Әлеуметтік (физикалық) қашықтықты және гигиеналық шараларды сақтау балалар арасында аурудың таралуынның алдын алуға мүмкіндік береді;
«Әлеуметтік ара қашықтықты және гигиеналық шараларды сақтау арқылы балаларды күз және қыс мезгілінде тыныс алу жолдарының инфекциялары, жоғарғы және төменгі тыныс алу жолдарының созылмалы ауруларынан қорғап қалуға болады. Сондықтан қашықтан оқыту форматы эпидемиологиялық тұрғыдан негізделген шара», – деп қортындылады дәрігер.