Оңтүстік Қазақстанда археологтар екі жарым мың жыл бұрынғы адамдардың қонысын анықтады.
Табылған жәдігер тарихта ең аз зерттелген Қаңлы мәдениетіне қарасты дейді олар. Мұнда темір орақтан бастап, 25 ғасыр бұрынғы адамдардың қолданған ыдыстары мен қаруларына дейін көруге болады. Енді осы бұйымдар арқылы Қаңлы мемлекетінің тарихын анағұрлым түсінуге мүмкіндік пайда болды.
Өгем өзенінің бойындағы көне қалашық Үш Бас төбе орнын үш аптадан бері қазып жатқан археологтардың қуанышында шек жоқ. Олар кемі 2-2,5 мың жылдық тарихы бар Қаңлы дәуірінің қонысын таптық деп отыр. Жерден небәрі бір метр тереңдікте қаңлылықтардың қамалынан бастап, баспанасына дейін анықтаған археологтар көне үйдің бірін тайға таңба басқандай көрсетіп жатыр.
«Бұл жерге қарап, олардың өркениеті дамығанын білуге болады. Мәселен, еденінің өзі малта тастармен безендірілсе, үйдің ішінде ошақтан бастап диірменге дейін тұр. Керемет сақталған диірменге қарап, біздің дәуірімізге дейін мұнда егіншіліктің де дамығанын байқауға болады», - дейді археолог Александр Подушкин.
Таулы аймақта орналасқан Үш Бас төбенің табиғаты да қатал. Мұнда қыс 6 айға дейін жетсе де, жұрт егін де салып, аңшылықпен де айналысқанын табылған заттардан байқауға болады. Аңдардың сүйегінен жасалған бұйымдармен қоса, безендірілген марал мүйізі де табылыпты. Егіншілікпен қоса металл өңдеудің де дамығаны анық.
Археологтардың жұмысын қызықтауға жақын маңдағы ауылдардан жұрт та жиі келеді екен. Біреу көрпе-төсек беріп көмектессе, енді біреу қымыз-айранын тасиды. Жергілікті ақсақалдардың өзі бұл аймақтың қойнауы тарихқа толы екенін айтады.
«Мысалы Қырық қыз, жаңағы Төрткөл төбелер, Қалмақ төбе деген төбе бар. Әрқайсының ерекшеліктері бар шығар деп ойлаймын. Келешекте осыларды Александр Подушкин сияқты кісілер келіп, зерттесе»,- дейді жергілікті тұрғын Түменбай Қошанов.
Биыл археологиялық қазба жұмыстарына мемлекеттен қаржы да бөлінбепті. Сондықтан оншақты адамнан құрылған экспедиция демеуші есебінен жұмыс жүргізіп жатыр. Ал табылған жәдігерлер еліміздің орталық мемлекеттік мұражайына жеткізілмек.
Дереккөз: КТК