03 ақп, 2021 сағат 12:55

Нью-Йорктегі қазақ полицейі өзінің жұмысы туралы айтты

Нью-Йорктегі қазақ полицейі Димаш Ниязов өз жұмысы жөнінде және АҚШ-та тәртіп сақшыларына пара ұсынған жағдайда қандай әрекет ететіні туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«АҚШ-та полицей қызметкерлері өте танымал және ерекше құрметке ие. Дегенмен жұмыс оңай емес, Нью-Йорктің өзінде ресми 15 млн халық тұрады, ал ресми емес деректерге сүйенсек 19 млн адамға дейін барады. Нью-Йоркте жалпы саны 35 мың полиция қызметкері бар. Оның 60-65% патрульдік қызмет атқарады. Аптасына 5 күн, күніне 8,5 сағат жұмыс істейміз. Әсіресе 2020 жыл полицейлер үшін ауыр жыл болды. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Нью-Йоркте кең көлемдегі қарсылық акциялары мен митингтер жиі болды. Сәйкесінше біз күшейтілген режимде жұмыс істедік», - деді Д. Нияз ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, жерлесімізге АҚШ полицейлері пара алады ма және қаншалықты жиі ұсынады деген сұрақ қойылды. 

«Жасыратыны жоқ, АҚШ-та да полицейлерге пара ұсынады. Бірақ, мұнда тәртіп пен заң қатал және полицей пара алудың арты жақсылыққа әкелмейтінін жақсы түсінеді. Пара алғаның үшін кез-келген сәтте жұмысыңнан айрылып қалуың мүмкін. Сондай-ақ, бізде барлық жерде бейнебақылау камерасы орнатылған, яғни біздің де тұрғындардың да әрбір қадамы бейнежазбаға түсіріледі. Демек саған пара берген уақытта сырттан кімнің түсіріп тұрғанын білмейсің. Маған жұмыс кезінде ақша ұсынғандар болды. Мен ондай сәтте заңға сүйенемін де болмайтынын түсіндіріп айтамын. Кейде тәртіп сақшысы ретінде азаматтарға көмектескен сәтте, олар өз ризашылығын білдіріп ақша ұсынып жатады. Ол пара емес, жай ғана алғыс, соған қарамастан біз бас тартамыз. Бұл біздің кәсіби этика болып саналады», - дейді ол. 

Оның айтуынша, Америкада полицей қызметкеріне талап қатаң және оларға толықтай әлеуметтік жағдай жасалған. Бұл тәртіп сақшыларының сыбайлас жемқорлық әрекеттер жасамауының негізгі себебі.