08 мау, 2020 сағат 10:49

Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының коды қалай өзгертілді?

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жаңа коды іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Барлық брондау жүйелерінде, отырғызу талондарында, багаж биркаларында және ақпараттық таблода жаңа NQZ коды енгізілді. 

«Әуежай кодын ауыстыру жұмыстары 2014 жылдан бері жүргізілді. IATA ұйымының негізгі талабы - әуежайларға бір рет тұрақты код беру еді. Қазақстандық әуе тасымалдаушылармен үлкен келіссөздер жүргізілді. Нұр-Сұлтанға жолаушылар тасымалдайтын барлық әуе компаниялары бұл ұсынысты қолдады. Бірлескен күш-жігер арқылы өткен жылы шешім қабылданды. Алғашында Нұр-Сұлтан қаласының кодын өзгертуге әрекет еттік. Кейін тұтас IATA механизмін өзгертуге күш салдық. Өйткені, Қазақстан ғана емес, бірнеше ТМД елдері код өзгертуге сұраныс білдіруде. Ұзақ жылдар бойы кодын өзгерте алмай жүрген қалалар бар. Сондықтан, тұтас IATA қарарын өзгерту бастамасын ұсындық», - деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев әуежайдағы ресми таныстырылымда. 

Спикердің айтуынша, мұнда да бірнеше жұмыс кезең-кезеңімен атқарылды. 

«Арнайы алгоритм бойынша өтінімді алдымен IATA қарайды. Одан кейін ұйым құрамына кіретін әуе тасымалдаушылар қарастырады. Барлығы мақұлдап, келісім берді. Шешім бірнеше ай бұрын бекітіліп, хабарлама жіберілді. Ал бүгін ресми енгізілді. 8 маусымнан бастап барлық брондау жүйелерінде, отырғызу талондарында, багаж биркаларында және ақпараттық таблода жаңа NQZ коды көрсетіледі», - деді Т. Ластаев.