28 қаз, 2016 сағат 19:55

«Нұрлы жер» бағдарламасымен жұрттың қалай үйлі бола алатынын жауапты министрлік әлі айтпай отыр

Қолжетімді баспанаға қолы жетпеген жұрттың ендігі үміті «Нұрлы жер» еді. Бірақ президент тапсырған бағдарламаның әлі он екіде бір нұсқасы жоқ сияқты. Себебі жауапты министрлік бағдарламамен жұрттың қалай үйлі бола алатынын әлі айтпай отыр.

Жаз бойы жұрт бір парақ арызын алып әкімдік алдын шулатқан. Ондағысы тегін берілетін 10 жүздік жерді алу. Тегін телім жоқ деп билік бұқараны қайта-қайта қайтарды. Шу толастамаған соң, президент Қуандық Бишімбаевқа жаңа бағдарлама жасауды тапсырған-ды. Бірақ екі ай өтсе де көптің үміті болып отырған «Нұрлы жермен» жұрттың қалай үй алатыны белгісіз. Ал министр осы күнге дейін жалпылама жауаппен құтылып жүр.

ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ, ҚР Ұлттық экономика министрлігі:

- Нұрлы жер бағдарламасының механиізмі әзірленуде.  Оның арасында ипотекалық несиелерді жеңілдету іске асырылады. Және азаматтарымызды үй салып алу үшін жерлерді инфрақұрылым жүргізу.

Дәл осы «Нұрлы жерді» талқылауға тәуелсіз сарапшылар бүгін министрді шақырған. Бірақ жұмысбасты Қуандық Бишімбаев келмеді, есесіне сарапшылар камера алдында ұсыныстарын айтып қалды. Олар жұрттың қолына жерді екі жылға жалға беріп, үй салып үлгермесе тартып алу керек деп отыр.  

ДӘУРЕН БАБАМҰРАТОВ, Сарапшы:

- Халықтың өзіне беру керек. Өзі салып алсын, сала алмайды ма онда жерді босат, сенен кейін де кезекте тұрған адам бар 2 жылдың ішінде үй сала алмадың ба деп басқа біреуге береді. Осыдан кейін адам да жерді алмас бұрын мың рет ойланады.  

Биліктің 10 жүздікті халыққа емес, құрылыс компанияларына берейік дегенін мәжілісмендер де құптай қоймады. Құрылысшылар жер үй салып, жұртқа сататын болса бағасы аспандап кетеді дейді олар.

НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- Мүмкін оларға белгілі бір жобаларды ұсыну керек шығар, өздері салып алатын. Біреуінің үш баласы бар, тағы біреуінің он баласы бар. Қаржыларына ыңғайлап салып алуы керек. Ал құрылыс компанияларына беретін болсақ бағасы қымбаттап кетуі мүмкін.

«Нұрлы жер» халықты үйлі етеміз деген үкіметтің бесінші бағдарламасы. 12 жыл бұрын билік шаршы метрі 56 мыңнан аспайтын пәтерлер береміз деген. Көптің үміті «Қол жетімді баспана» да жұртты жарылқай қоймады. Баспанаға зәру миллионға жуық тұрғын «Нұрлы жер» орындалса да, Алматыдағы қисайып қалған үйдің кебін киеді ме деп күмәнданады. Айтпақшы, мемлекет салған Алғабас ықшамауданындағы қисайған үй үшін әлі жауапқа тартылған тірі жан жоқ.

"31 арна"