19 сәу, 2020 сағат 15:15

Нұр-Сұлтандағы шағын аудандарға газ тарату желілері салынуда

Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан шағын аудандарға газ тарату желілері салынып жатыр. Магистральдық газ құбырының монтажы аяқталу сатысында.

Бүгін Елорда әкімі Алтай Көлгінов желілерді жүргізу барысын тексерді. 

«Газ құбыры Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес салынып жатыр. Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы газдандыру процесін бақылауға алуды тапсырды», - деп хабарланды әкімдіктің Instagram парақшасында.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов жұмыс қарқынын төмендетпеу қажеттігін атап өтті. Железодорожный елдімекенінде газ тарату желілерінің үштен бірі салынды. Сонымен бірге бұл жұмыстар Көктал-1, Көктал-2 және Агрогородок елдімекендерінде жүргізіліп жатыр.

2020-2023 жылдары қаланың өнеркәсіптік секторы мен елдімекендерді газдандыру 3 кезеңде өтеді: келесі жылыту маусымында Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Промышленный, Железнодорожный елдімекендері газбен қамтылады. Екінші кезеңде Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар (1-2 ІКҚ), Тельман (3 ІКҚ), Пригородный, Garden Village және Family Village (4 ІКҚ) елдімекендері қамтылады. Үшінші кезеңде Ильинка (1-2-ші ІКҚ), Шұбар (3-ші ІКҚ), Өндіріс (4-ші ІКҚ) елдімекендері газдандырылады. 

Газ өткізу қаладағы зиянды қалдықтардың 6 есеге, қатты заттардың – 40 мың тоннаға дейін азаюына мүмкіндік береді.