Елордалық өрт сөндірушілер вагондағы өртті сөндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
19 қарашада таңғы сағат 03.11 кезінде Нұр-Сұлтан қаласы Кемеңгерұлы, 9/8 мекенжайында орналасқан пойыз жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Құрамында 15 адам және 3 техникасы бар елордалық өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жеткен. № 50 теміржолда тұрған резервтік вагондағы өрт 50 шаршы метрді шарпыған.
Жалынның әсерінен көрші жолдағы вагон арбаларын орналастыруға арналған платформада тұрған шынжыр табанды трактордың кабинасы да жанып кеткен.
Өрт таңғы сағат 04:22-де ауыздықталып, сөндірілді.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.