Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қаладағы эпидемиологиялық жағдайды баян етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сәуле Қисықованың айтуынша, астанада қазіргі уақытта коронавирус инфекциясын жұқтырудың 1 287 жағдайы тіркелген. 602 адам жазылып шыққан.
«Өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың тағы 36 фактісі тіркелді. Өсім – 2,9 пайыз. Оның ішінде КВИ жұқтырған азаматтармен жақын қарым-қатынаста болғандардың саны – 21. Стационарда пневмониямен, ЖРВИ-мен жатқан 9 адамнан да коронавирус расталды. Бір жағдай эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз өңірден келгендердің ішінен анықталды. 5 жағдай алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жүгінген адамдардың ішінен белгілі болды», - деді Сәуле Қисықова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Басқарма басшысы елордада осы уақытқа дейін 75 мың ПТР-тестілеу, 32 мың экспрес-тестілеу жүргізілгенін мәлім етті.
«Мамырдың алғашқы аптасында коронавирус инфекциясының 376 жағдайы тіркелген еді. Орташа өсім ол кезде 6,4 пайызды құраған. Мамырдың екінші аптасында 185 адам анықталды. Орташа өсім 2,3 пайызды көрсетті. Жаңа жағдайлардың екі есе төмендегені байқалады», - деді ол.