Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус инфекциясы бойынша статистиканы жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы елордада коронавирус инфекциясын жұқтырған 631 адам анықталды. Оның 36 пайызы жазылып, 14 күндік үй карантиніне шығарылды. Жұқтырғандардың ішінде ер адамдардың үлесі 55, әйелдердің үлесі 45 пайыз. КВИ жұқтырғандардың ішінде 18-29 жас және 30-49 жас аралығындағы адамдардың үлесі 36 пайызды құрады. 50-59 жас аралығында азаматтардың үлесі – 14 пайыз. 60-69 жас аралығылар – 6,5 пайыз, балалардың үлесі 4,2 пайыз», - Сәуле Қисықова деді Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-тегі парақшасында берген сұхбатында.
Басқарма басшысының айтуынша коронавирус жұқтырғандардың 3,7 пайызын 70 және одан да кәрі жастағылар құрайды.
«Соңғы тәулікте елордада 16 жағдай тіркелді. Оның ішінде 8 жағдай науқаспен жақын қарым-қатынаста болған адамдар. Олар осыған дейін үй карантинінде болған азаматтар. Екі жағдайда вирусқа күдікті адамдардың мониторингі барысында белгілі болды. Екі жағдай обсервациялық емханада ЖРВИ белгісімен түскен азаматтардың ішінен анықталып отыр», - деді ол.
Елордада бүгінгі күні 2724 адам үй карантинінде орналастырылған.
«Ауруханада бүгінгі күні 1065 науқас ем алуда. Оның ішінде коронавирус инфекциясы анықталған азаматтардың саны 395. Оның ішінде 12 науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп санаймыз. Төрт науқас республикалық интенсивті терапия орталығында ем алып жатыр. Төрт науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», - деді ол.